«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда өндірістік оқыту шеберлерінің еңбекақысын көбейтуді сұрады

2017 жылғы 18 Сәуір
- Алматы қаласы
7395 просмотров

Дуальді білім беруге қатысушыларды ынталандырып, тиісті жағдай жасамай, бұл жүйені дамыту мүмкін емес

Дуальді білім беруді ұйымдастыру мәселелеріне арналған жиында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Вера Цзин өндірістік оқыту шеберлерінің еңбекақысын көтеруді ұсынды.

«Өндірістегі шеберлердің еңбекақысын өсіруді сұраймыз. Осылайша біз кадр әлеуетін сақтап қана қоймай, техникалық және кәсіптік білім беруге біліктілігі жоғары мамандарды өндірістен тарта аламыз. Нағыз шебер мамандар ғана оқушылардың біліктілігін қалыптастырып, қажеттіні үйрете алады. Бірақ бүгінде олардың еңбекақысына бір тиын да қосылмайды!» ­– деді Вера Цзин.

Палата қызметкерінің айтуынша, өндірістік оқыту шеберінің еңбекақысында оның өндірістік біліктілігі ғана есептелмеуі керек, сондай-ақ оның өндірістегі еңбегін өтеумен шамалас болуы керек. «Өндірістегі шебердің еңбекақысын арттыру бюджетке соншалықты ауыртпалық салмайды. Алматыдағы колледждердегі 400 оқытушының 500-і өндірістік оқыту шеберлері», ­– дейді Вера Цзин.

Сонымен қатар сарапшы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысшы маман дайындау жүйесіндегі рөліне тоқталды. 2014 жылдан бастап Палата қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді: бұл аралықта нормативті-құқықтық актілерге нақты ұсыныстар дайындалған 413 сараптама жасалды. Нәтижесінде, осы бағыттағы әкімшілік кедергілер жойылды. Бұл Алматыда 4 салалық кластер мен 4 оқу-әдістемелік орталығын ашуға қолайлы жағдай тудырды.

Қаланың дуальді білім беру жүйесіне 75 кәсіпорын мен 34 колледж қатысып, 2296 оқушыны қамтыды. Алматы қаласы Білім басқармасы, салалық қауымдастықтар мен оқу орындары арасында өндірістік оқыту туралы  үш жақты 655 келісімшарт жасалды.

«Республика бойынша 400-ден астам колледжде дуальді білім беру жүйесі енгізіліп, кәсіпорындар, колледждер мен білім басқармаларының арасында шамамен 27 мың үш жақты келісім жасалды. Ол бойынша оқу уақытының 60% өндірісте өтеді. Бұл жоба бір жыл бойы іске асырылып келеді, тәжірибе жүзінде тәлімгерлік мәселесі туындағаны анық. Кедергілерді жою, жұмыс берушілер үшін ынталандыруды арттыруға қатысты ұсыныстарды дайындау қажет», ­– деп, ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің серіктестік және халықаралық жобалар жетекшісі Рауза Ширғатова әріптестерін бірге жұмыс істеуге шақырды.

Дөңгелек үстелге Алматы кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінен бөлек, Алматы қаласы, Алматы мен Жамбыл облыстары колледждерінің, салалық қауымдастықтар мен GIZ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамының басшылары қатысты. Қазақстанға дуальді білім беру жүйесін енгізгенде Германиядағы тәжірибе қолданылды.

Маман дайындау жүйесін жетілдіруге қатысты идеялармен қатар, колледж студенттерін оқытып жатқан кәсіпорындарға салық салуда жеңілдік қарастыру ұсынылды.

Бизнес үшін жеңілдіктер мен артықшылықтар түріндегі салықтық босаңсытуды енгізу (бұл ереже ҚР Салық кодексіне енгізілді, әзірге ҚР қаржы министрлігі мақұлдаған жоқ), кәсіпорындардың корпоративті табыс салығынан колледж студенттерін оқытуға жұмсайтын шығынын алып тастау (коммуналдық қызмет төлемдері және т.б. қосқанда), дуальді білім беруге қатысатын кәсіпорындарға мемлекеттік бағдарламалар бойыга жеңілдетілген несие беру, мемлекеттік тапсырысты бөлгенде басымдық таныту ұсынылды.

Бұл ұсыныстар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппараты мен ҚР Үкіметіне жолданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер