«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстандық жұмыс берушілердің қызметкерлерге талабы күшейеді

2017 жылғы 01 Ақпан
- Алматы қаласы
5556 просмотров

Биыл Қазақстанда мамандарды сертификаттау орталықтары ашылады

Тоғыз салалық қауымдастықтың басшылары Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына жиналды. Бірнеше жыл бұрын өндіріс иелері колледждердегі маман даярлау деңгейіне көңілдері толмайтынын айтқан еді. Кәсіпорындардың сұранысына жауап ретінде Кәсіпкерлер палатасы орта білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, қалада 7 кластер ашты. Енді жұмыс берушілер солар арқылы жаңа талаптар қоя алады.

«Кәсіпорын басшылары әрбір маманның кәсіби санаты болғанын қалайды. Шығарылатын өнімдер мен қызметкерлерді еңбекақысы соған тәуелді. Оқыту, қайта оқыту, сертификаттар беру жұмыстарымен салалық қауымдастықтар жанынан құрылған сертификаттау жөніндегі орталықтар айналысады. Бірақ мұндай жауапты іс «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тізіліміне енген орталықтарға ғана жүктеледі», – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Вера Цзин.

Аттестациядан өткізу құқығын кімге беретінін Өңірлік кеңеске мүше жұмыс берушілердің өздері шешеді. Олар шара барысында салалық қауымдастықтардың жоспарымен танысты.

«Бүгінгі таңда Қазақстандағы сұлулық индустриясында 100 мыңдай адам жұмыс істейді. 17 миллион халқы бар ел үшін бұл өте көп деп есептеймін. Сертификаттау кәсіби мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді. Экономикалық мүдде де бар. Осы саладағы кірістердің басым бөлігі көлеңкеде жатыр. Соның өзінде өткен жылы сұлулық индустриясындағы айналым 200 миллиард теңгені құрады», – деп атап өтті Сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті Махмуд Тұрсын.

Өңірлік кеңес мүшелері тоғыз қауымдастықтың алтауын ғана мақұлдады. Жұмыс берушілердің пікірінше, мамандардың біразында кәсіби біліктілік пен материалдық-техникалық база жоқ. Ұсыныс «Атамекен» ҰКП басшылығына жіберілді. Егер ол қабылданса, биыл Алматыда туризм, жиһаз жасау және ағаш өңдеу өнеркәсібі салаларының, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, инновациялық компаниялар мен сұлуық индустриясының жұмысшылары біліктілік туралы сертификаттарға ие болады.

Адам капиталының сапасын жақсарту – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды міндеттердің бірі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер