«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәлімгерлерге арналған тренинг

2016 жылғы 20 Желтоқсан
- Алматы қаласы
9185 просмотров

Алматыда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренерлеріне арналған тренингтер басталды 

Өз уақытың мен ресурстарыңды қалай басқарып, басым бағыттарды қандай жолмен жоспарлаған жөн? Келіссөздер барысында өзіңнің және қасындағы жанның көңіл-күйін қандай әдіспен басқарып, өз мүддеңді қалай қорғауға болады? Сыни көзқарастарға қалай жауап берген абзал? Осы және өзге сауалдарға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының білікті тәлімгерлері бизнес-тренинг барысында жауап таба алады.

Өңірлік палаталардан келген 35 қатысушы тренингте тәжірибеде жиі ұшырасатын мәселелерді талқылап, өз тәжірибелерін ортаға салмақ. Сонымен бірге, шараға қатысушылар, ҰКП бизнес-мектептеріндегі оқу процесін одан әрі жетілдіруге жол ашатын тың идеяларымен бөліспек.

Тәлімгерлерді оқыту бағдарламасы 4 күнге созылады. Бизнес-тәлімгерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, тренингтің басым бағыттары анықталып, оқу бағдарламасы әзірленген. Олардың арасында тиімді менеджмент, іскерлік коммуникациялар, SMM-marketing, стратегиялық менеджмент, келіссөздер сынды маңызды бағыттар да бар. Бизнес-тәлімгерлерге ағза ресурстарын үнемдей отырып, шаршап-шалдығуға жол бермеу үшін, өз уақытын дұрыс пайдаланудың қыр-сыры оқытылатын болады. Мамандардың айтуынша, адам ағзасындағы келеңсіздіктер күйзеліске әкеп соқтыруы мүмкін. Ал, бұл тәлімгерлердің кәсіптік міндетін толығымен атқаруға кедергі келтіріп, тіпті, өмір сапасының төмендеуіне әкеп соқтыратын көрінеді. Сонымен бірге, қатысушыларға ынталандырудың қыр-сыры, бар күш-жігеріңмен жұмыс жасау құпиялары, жұмыс орнында өз эмоцияңды бақылауда ұстау амалдары, сыни пікірді байыпты түрде қабылдап, «жоқ» деп жауап берудің айла-әдістері туралы айтылатын болады. Тренингтің тағы бір күні, «айлакер» оппонентпен келіссөз барысында, өз мақсатыңа жетуге жол ашатын әдіс-тәсілдер түрлеріне арналады деп күтіліп отыр. Осылайша, қатысушыларға тиімді келіссөздер жүргізудің 10 тәсілі, дәлелдеу әдістері мен келіссөздер «текетіресіне» дайындық жұмыстары туралы баяндалатын болады.

Тренингтердің енді бірі – SMM жүйесі бойынша өз ісіңді жарнамалаудың қыр-сырына арналмақ.  Бұл әдіс – әлеуметтік желілер, блогтар, форумдар мен топтар арқылы сайтқа аудитория тартудың бірден-бір жолы болып табылады. Курс бағдарламасында әлеуметтік медиада (Facebook, ВКонтакте, Google +, Twitter, блог саласы) сайт аудиториясын кеңейту стратегиясы мен оларды тиімді пайдалану әдістері толығымен қамтылған. Айта кетерлігі, аталған курс маркетологтарға, маркетинг бөлімі жетекшілеріне, пиар-менеджерлерге, жарнама қызметкерлеріне, бизнес иелеріне, сондай-ақ, social media marketing саласының білгірі атануға талпынып жүрген барлық мамандарға арналған. Курс нәтижелері бойынша, мамандар әлеуметтік желілердегі қолданып жүрген парақшаларын қайта қалпына келтіріп немесе жаңа парақша аша алады. Сонымен бірге, оған аудитория жинап, аталған әдісті кәсіпкерлермен байланыс орнату құралы ретінде пайдалануға мүмкіндіктері бар.

Ал, тренингтің басты жаңалығы – «Тілдесудің ауызша және жазбаша құралдары» тақырыбындағы курс болады деп күтіліп отыр. Айта кетерлігі, аталған курсты өз әріптестеріне арнап, алматылық бизнес-тәлімгерер әзірлеген екен. Осылайша, Алматыдағы белгілі сарапшы Людмила Лазарева жазбаша тілдесудің қыр-сырын әңгімелейтін болады.

«Тілдесу адам психикасы мен оның дамуына, саналы әрі мәдениетті қарым-қатынасының қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Онсыз тәрбиелеу процесі, қалыптасу, тұлғаны дамыту, жеке адамдар арасындағы қарым-қатынас, басқару, қызмет көрсету, ғылыми жұмыс және ақпарат алмасу, оны игеру процесі қажет деп саналатын барлық салалар туралы айтудың өзі артық. Тілдесу адамдарға қажет белгілі бір қызмет түрі ғана емес, сондай-ақ, ол оның өмір сүріп, адам ретінде қалыптасуына жол ашатын бірден-бір құрал болып саналады. Аталған курс тәжірибелі тәлімгерлерге де қызықты әрі танымдық курс болатынына сенімдімін», – деп өз пікірімен бөлісті Людмила Лазарева.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер