«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қайырымды бизнес

2016 жылғы 15 Желтоқсан
- Алматы қаласы
6100 просмотров

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы, Британ кеңесі мен «Шеврон» компаниясы Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті енгізбек

«I-SEED: инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік пен білім» жобасына биыл 53 алматылық тұрғын қатысқан. Қатысушылар 18 бен 30 жас аралығындағы адамдар. Кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында, жоба қатысушылары бірқатар тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысқан екен. Олардың арасында жобалық менеджмент, бизнес-жоспарлау, қаржылық басқару, фандрайзинг және көшбасшылық қасиеттерді дамыту да бар. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін жастар табысты бизнесмендердің қатысуымен өткен бірнеше шеберлік сабақтарында тәлім алған. Олар онда питчинг және жобаларды интернет көмегімен дамытуға қатысты көптеген тың ақпараттар игерген.

«Аталған жоба аясында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Британ кеңесімен және «Шеврон» компаниясымен осымен екі жыл қатарынан жұмыс жасап келеді. Осы орайда, жоба аясында, жасы егде тартқан қарт адамдарға, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау жасалып, қалалық хосписке көмек көрсетілді. Кәсіпкерлер палатасы бизнес-тәлімгерлер ретінде өздерінің үздік мамандарын ұсынды. Біз алға қойған мақсатымызға – тұрғындардың қаржылық сауатын ашып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту ісіне қол жеткізе білдік»,– деді жобаның аяқталу күніне арналған нетворкинг кешінде Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Айгүл Шағамбаева.

Жоба қатысушыларының бірі –  Диана Нариманова – «AlmaU» университеті жанындағы колледж студенті. Ол өз достарымен бірге бірнеше әлеуметтік науқан өткізген екен. Олардың ішінде есте қаларлық оқиғалардың бірі – «Қажы баба» қасиетті мекеніне жасалған сапар. Аталған сапардың мақсаты, мүмкіндігі шектеулі жандарға, олар өздері бара алмайтын ерекше жерлерді таныстыру еді.

«Біз еріктілерден тұратын үлкен топ құрып, қасиетті жерге 30-дан астам мүгедек жандарды апара алдық. Олардың ішінде Островский атындағы мектептен келген, көру қабілеті нашар балалар, «Кеңес» оңалту орталығының тәрбиеленушілері мен қалалық психологиялық-неврологиялық орталықтың тәрбиеленушілері болды. Ал, қазір біз колледж жанындағы инклюзивті театр жұмысын қолға алып жатырмыз. Қойылымдарға Даун синдромы бар балалар қатысады деп күтіліп отыр», – деді Диана Нариманова.

Ұлыбритания елшілігінің білім және мәдениет бойынша директоры Джим Буттеридің айтуынша, мұндай әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы олардың елдерінде жүзеге асырылады екен.  Барлық орындарда адамдардың қандай да бір мәселеге деген көзқарасы бірдей. Көпшіліктің әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы табыс табуға күмәнмен қарайтыны жасырын емес дейді мамандар. Алайда, оқудан кейін, олардың дені өз жобаларын қолға алып жататын көрінеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер