«Өз үйім – өлең төсегім» дегенмен...
Алматы Кәсіпкерлер палатасы мен қалалық прокуратура үлескерлердің қаржысын қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатыр
Қазақстанда үлескерлік құрылысқа қатысты проблемалар 2007 жылы басталған әлемдік экономикалык дағдарыстың салдарынан туындаған еді. Әсіресе, бұдан Алматы қаласының тұрғындары зардап шеккен болатын. Адамдар нарық заңдарын меңгере бастады: ақша салып, дивиденд алуға тырысты. Ал кейбір құрылыс компаниялары азаматтардың миллиондаған долларын иемденіп алды. Зардап шеккендер қатарында шағын кәсіпкерліктің субьектілері де болды. Олар осы арқылы өз істерін бастап, дүкен, дәріхана, медициналық кабинет, асхана немесе кір жуатын орын ашпақ болған.
Бір Алматының өзінде 16 мыңнан астам үлескер 132 құрылыс нысаны бойынша осындай проблемаға тап болған. Кейбірі жылжымайтын мүлікті кешігіп алса, кейбірі салған қаражатын қайтарып ала алмаған.
Бүгінгі күнге дейін қалада 79 үлескер қатысқан 3 нысанның проблемасы шешілмей отыр. Прокуратура органдары осы орайда арнайы жоба іске асырып жатыр. Оның мақсаты – үлескерлердің проблемаларын шешу және нысандарда жаңа проблемалардың пайда болуына жол бермеу. Жобаға сондай-ақ атқарушы органдар мен Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы да қатысады.
Жоба мақсаттарының бірі кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу және азаматтарға (сонымен қатар кәсіпкерлерге) құрылысқа салымды дұрыс салудың негізгі ережелерін жеткізу болып отыр.
Үлескерлерге қатысты проблемалардың туындау себебі неде?
Олардың бірнеше себебі бар, алайда негізгісі – экономикалық есептің қате болуы мен кейбір құрылыс компанияларының арам пиғылы. Сонымен бірге, азаматтардың сенгіштігі.
Үлескерлерде өз құқықтарының бұзылуына жол бермеуге мүмкіндік болған. Ол үшін олар беделді және сәйкестік рұқсаты бар компанияларға ғана қаражат салулары керек еді.
Мысалы алданған отбасылардың қатарында Әбдірахмановтар жанұясы да бар. Жас отбасының жаңа әрі кең пәтерді армандап жүргеніне көп болған, сондықтан олар осындай қадамға барған. 2006 жылы бір бөлмелі пәтерін сатып, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден пәтер іздейді. Алайда, олардың бағасы тым жоғары болады. Олардың алдында арманға қол жеткізудің бір ғана мүмкіндігі тұрды. Ол – үлескерлік тұрғын үйге қаражат салу. Бұған қарапайым жолмен кірісті. Газеттегі хабарландыруларды ақтарып, салынып жатқан нысанды таңдады да, кеңсеге жол тартты. Жобаны бірден ұнатты. Сыпайы адамдар, яғни компания менеджерлері оларға жаңа пәтердегі жаңа өмір туралы әдемі етіп баяндайды. Әбдірахмановтар еш шегінбестен өздерінің барлық қаражаттарын салады. Жарты жыл өткесін ғана құрылыс компаниясының басшысы үлескерлердің ақшасын алып, шетелге қашып кеткенін біледі.
Мемлекет басшысының шешімімен алданған үлескерлерге көмек беру туралы шешім қабыланды.
Осы процеске Алматы қаласы әкімдігі, прокуратура, ІІД және де басқа өкілетті органдар белсенді түрде кірісті.
Күн сайын әкім орынбасары мен қала прокуроры төрағалығымен Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті.
Бақылау органдары мыңдаған адамның мүддесі ескерілген оншақты талап-арызды сотқа жіберді. Құрылысты аяқтап, үлескерлердің проблемаларын шешу үшін, жүздеген жылжымайтын мүлік нысандары тәркіленіп, банк есепшоттары жабылды. Онға жуық қылмыстық іс қозғалды.
Ақыр аяғында, алданған үлескерлер, оның ішінде Әбдірахмановтар отбасы да өз пәтерлеріне ие болды.
Сонымен қатар проблемалық тұрғын үйлер қатарында, «Тристар», бүгінде «Самал Towers» деп аталатын тұрғын үй кешені де болды. Оған 84 үлескер қатысқан. 2006 жылы құрылыс компаниясының басшылығы азаматтар мен кәсіпкерлердің қаражаттарын алаяқтықпен жымқырған еді. Құрылыс тоқтатылды. Проблеманы шешу үшін инвестор табылды. Бүгінде құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Осы мәселелерді ескере отырып, «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл заң үлескер құқығын қорғауға бағытталған.
Мысалы, үлескерлерден ақша тарту мақсатында алдын ала түрлі келісімшарттар, оның ішінде инвестициялау туралы келісімшарттар т.б. жасаған.
Мұндай келісімшарттар үлескерлерге ешқандай кепілдік бермейді.
Жаңа заң тек екі жағдайда ғана үлескерлер қаражатын тартуға мүмкіндік береді:
– қала әкімшілігінен арнайы рұқсат берілген кезде;
– құрылыс компаниясының кепілдірілген тұрғын үй құрылысы қорымен жасалған келісім шарты болғанда.
Жылжымайтын мүлік сатып алған кезде тек тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы келісімшарт жасалады. Өзге келісімшарт түрлері жарамсыз болып есептеледі.
Осыған байланысты қалалық прокуратура және Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы азаматтар мен кәсіпкерлерді үлескерлерді тартуға құқығы бар құрылыс компанияларына ғана қаражат салуға шақырып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: