«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда жылдың үздік салық төлеушілері анықталды

2016 жылғы 30 Қараша
- Алматы қаласы
9615 просмотров

Салтанатты марапаттау рәсімі Бухгалтерлер клубының 10 жылдық мерейтойына арналған отырыс аясында өткізілді

Жыл сайын Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті бюджетке төлейтін салықтар мен өзге де міндетті төлемдердің өсу қарқыны бойынша, салық төлеу тәртібін бұлжытпай орындауда ең үздік көрсеткішке жеткен, салық заңнамасын еш бұзбаған, қайырымдылық және демеушілік қызметті іске асырып, қызметкерлеріне орташа деңгейден төмен емес жалақы төлейтін озық үлгілі салық төлеуші компанияларды анықтайды.

«Үздік салық төлеуші – орта бизнес субьектісі» аталымы бойынша «Қазлегпром-Алматы» ЖШС басшысы Айбек Бектұрғанов жеңімпаз болып танылды. Тоқыма кәсіпорны 464 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлерге төленетін орташа жалақы 126 мың теңгеге тең. 2015 жылғы жылдық жиынтық кіріс сомасы 3,5 млрд теңгені құрап, компания 2016 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес, 287 млн теңге салық төлеген. Бұл компания тігінмен, аяқ киім шығарумен айналысады. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 1,5 млн-дай тігін бұйымдарын және жарты миллионға жуық аяқ киім шығаруға мүмкіндік береді.

«Үздік салық төлеуші – шағын бизнес субьектісі» аталымы бойынша «Хазрат-Али-Акбар» ЖШС басшысы Борис Чуканов жеңімпаз атанды. Компания – биотыңайтқыштар, биопестицидтер және биопрепаттар шығаратын жалғыз өндіруші. Ол өз өнімдерін Ресейге, Өзбекстанға және Түрікменстанға экспорттайды. Қазіргі таңда Еуроодақтың бірқатар елдерінде, Түркияда, Египетте және Таяу Шығыс елдерінде тыңайтқыштарды тіркеуден өткізуде. Компанияда 16 адам жұмыс жасайды, олардың орташа айлық табысы 180 мың теңгені құрайды. 2015 жылы компания 148 млн теңге табыс тауып, 2016 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша бюджетке 42 млн теңге салық төлеген.

«Сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысы» аталымы бойынша  «Такеда Қазақстан» ЖШС үздік деп танылды. Басшысы – Людмила Жангелдина. ЖШС қызметі фармацевтикалық жобалаумен және зерттеумен айналысады. Компания актавегин, кардиомагнил, цераксон, кальций Д3 Никомед, ксимелин, називин, конкор, дексилант және басқа да дәрі-дәрмектер өндіреді. Компания өнімдері дүниежүзінің 70 елінде ұсынылған. Рецептілік дәрі-дәрмектер сату бойынша 12-орынды, БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай) елдерінде 14-орынды, Еуропада 18-орынды иемденген. Қазақстандағы қызметкерлер саны 180 адамнан асады. Орташа айлық көрсеткіші – 250 мың теңге. 2015 жылы компания 15 млрд теңге табыс тауып, 2016 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, төлеген салық көлемі 732 млн теңгені құраған.

Барлық жеңімпаздарға Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының және Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің Алғыс хаттары мен мақтау қағаздары тапсырылды.

«Біз үшін экономиканың әртүрлі саласында табысты жұмыс жасайтын компаниялардың жетістігін атап өту маңызды. Біз адал кәсіпкерлерімізге ерекше назар аударып, олардың ерен-еңбегін салық органдары мойындап жатқанына қуаныштымыз. Біздің ортақ мақсатымыз – бизнесті адал, сауатты жүргізетіндерді қолдау, Қазақстанның экономикалық өсіміне әсер ететін кәсіпкерлік қызметке қоғамның назарын аудару», – деді отандық тауар өндірушілерін құттықтаған Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Салтанатты марапаттау рәсімі әдеттегідей компаниялардың бухгалтериясындағы негізгі мәселелерді талқылаумен аяқталды. Бухгалтерлер клубының 10-шы кездесуінде халықаралық салық салу саласына қатысты мәселелер сөз болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер