Сан қырлы сән әлемі
Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, қазақстандық дизайнер Айнұр Тұрысбек алматылық студенттермен шығармашылық кездесу өткізді
Табысты бизнесмендер мен өмірде өз жолын тапқан тұлғалар кәсібін енді ашып жатқан кәсіпкерлерге, жастарға қолдау көрсету керек дейді Айнұр Тұрысбек. Дизайнер студенттер алдында өз тәжірибесімен бөлісті. Ол «ALMA U» университетінде, Қазақстандағы сән индустриясының қалай жұмыс жасап жатқандығын, онда өз орныңды қалай табуға болатынын, сән әлемінде өз бизнесіңді қалай ашу керектігі туралы ойларымен бөлісті. Дизайнер өз топтамалары туралы айтып, «Шежіре» fashion-фильмі туралы әңгімелеп берді. Кездесуде, сондай-ақ, фильм режиссері Елена Романова, сценарий авторы Жанар Кәрібай да студенттерге арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, сапалы кино түсірудің қыр-сырымен бөлісті.
«Кәсіпкерлерде әлеуметтік жауапкершілік болуы тиіс. Біздің шарамыздың мақсаты – жастарға өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесу, қызықты жобаларға тартып, өз күштерін сынауға жол ашу болды. Сән және кино әлемі – жастар үшін ең жақын салалардың бірі болып саналады. Сол арқылы біз олардың бойына патриоттық сезім ұялатып, заманауи отандық мәдениетке тарта аламыз», – деді Айнұр Тұрысбек. Аталған кездесу Қазақстан жоғары оқу орындары арасында өтетін ауқымды науқанның бастамасы болды. Шара аясында киномарафон форматындағы іс-шаралар, Қазақстанның арт-өнері мен сән әлімінің таныстырылымы болады деп күтілуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: