«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Чехия іскерлік қатынастарды нығайтуға ниетті

2016 жылғы 22 Қараша
- Алматы қаласы
9099 просмотров

Қазақстан мен Чехия кәсіпкерлері Алматыда В2В келіссөздерін өткізді

Алматыда өткен Қазақстан – Чехия бизнес-форумында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың негізгі инвестициялық жолдары мен бағыттары талқыланды. 

«Чехия делегаттарының Қазақстанға келгеніне өте қуаныштымыз. 23 жыл бойы экономикалық байланыстарды табысты түрде іске асырып келеміз. Бүгінде көптеген шағын және орта кәсіпорындар біздің елге келіп, өз филиалдарын ашып жатыр. Біздің кәсіпкерлер мен Чехия бизнесмендері өзара тиімді келісімшарттарды жасап жатса, тек қуанатын боламыз», – деп қонақтарға жылы лебізін білдірді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Кездесу барысында қонақтар өз елдерінің экспорттық әлеуетін таныстырды. «Чехия жоғары сапалы линза, шырын мен сыра шығарады. Машина жасау саласы мен автокөлік құрастыру ісі де бір жолға қойылған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы мен шипажай туризмі қарқынды дамыған. Бізде ұсыныс көп және делегация құрамында Қазақстанға іскерлік серіктес іздеу мақсатымен келген ірі кәсіпкерлер бар», – деді Чехия Экономикалық палатасының вице-президенті Минарж Борживой.

Чехиялық делегация сондай-ақ, сұхбат алаңын ұйымдастырғаны үшін өз алғыстарын білдірді. «Мен үшін Қазақстанға келу үлкен мәртебе. Бірер күн бұрын, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу мүмкіндігі туды. Сонымен бірге, сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен және Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен де кездестік. Айта кетерлігі, Қазақстан мен Чехия арасындағы байланыстар жоғары деңгейде дамыған және осы ынтымақтастықты одан әрі дамытамыз деген ойдамыз. Мысалы, 35 чехиялық компания Қазақстанда өз өкілдіктерін ашқан. Экономика саласында үнемі тәжірибе алмасып жатамыз. Бүгінде Қазақстанға нанотехнология және ақпараттық технология, бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша өз өнімдерімізді ұсына аламыз. Келесі жылы еліміз «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысады деп жоспарланып отыр. Сол кезде сіздер біздің тауарлардың сапасы мен олардың бәсекеге қабілеттілігіне көз жеткізе аласыздар», –  деді Чехия Республикасының сыртқы істер министрі Любомир Заоралек.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Чехия арасындағы байланыс нығая түскен. Қазақстан Чехияға мұнай өнімдерін жеткізуші ірі елдердің бірі болып саналады (жеткізілетін тауар көлемі бойынша стратегиялық серіктестіктердің төрттігіне енеді). Бұдан бөлек, екі ел азаматтарынан визаны алып тастау жөніндегі пилоттық жоба, Қазақстанға Чехиядан келетін туристер санының артуына жол ашпақ. Қос тараптың ғылым-білім саласындағы ынтымақтастығы да өз жалғасын тауып келеді.  Мысалы, жыл сайын 2-3 мыңға жуық қазақстандық студент Чехияға білім алуға аттанады екен. Айта кетерлігі, Чехияда білім алуға ниетті студенттер саны жыл санап артуда. Форум аясында кәсіпкерлер B2B келіссөздерін өткізіп, онда ынтымақтасты одан әрі  дамытудың жолдарын талқылады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер