Көне өндіріс ошағы жаңа жерге көшеді
Алматы ауыр машина жасау зауыты 75 жылдық мерейтойын атап өтуде
Алматы ауыр машина жасау зауыты – Қазақстандағы ең көне өндірістік кәсіпорындардың бірі. Ол 1941 жылы Украинадан эвакуацияланған Луганск паровоз жасау зауытының негізінде ашылған еді. 1941 жылы желтоқсан айында Алматыға пойыз арқылы алғашқы жабдықтар әкелініп, 1942 жылдың ақпанында зауыт жасаған алғашқы миналар мен снарядтар соғысқа жөнелтілді. Соғыстан кейінгі жылдарда зауыт бейбіт өнім шығаруға көшті.
Бүгінгі таңда Алматы ауыр машина жасау зауытының өнімдерін әлемнің 32 мемлекетінде – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Германия және көптеген басқа елдерде пайдаланады. Машина жасау өнімдері үнемі Ресейге (Северсталь), Украинаға (Запорожсталь), Өзбекстанға (Узметкомбинат), Қырғызстанға (Электрические станции), Белоруссияға (Минсккабель), оған қоса Үндістан мен Пәкістанға жөнелтіліп отырады. Тығырыққа тіреген экономикалық жағдайдан шығу үшін зауыт даму бағытын өзгертіп, өнім көлемін көбейтуге басымдық беруге мәжбүр болды. Өндірілетін өнімдер тізімі өте көп, дегенмен ең бастылары ауыр машина құрастыруға керекті жабдықтар, арасында жекелей сызбаларға қарап та жасалатындары бар. Бүгінгі таңда кәсіпорында 700 адам жұмыс істейді.
«Ауыр машина жасау зауытының бас директоры Едігенов Жетпісбай Кәрібайұлына өз ісіне деген адалдығы, құлшынысы, біліктілігі, машина жасау зауытын сақтап қалғаны, цехтарды қоймасы көп көтерме-реттеуіш базаға айналдырып жібермегені үшін ерекше алғысымызды айтамыз. Кәсіпорын өзі жүрген саланың көшбасшысына айналып, клиенттерін жоғары сапамен қуантып келеді. Алматы ауыр машина жасау зауыты 90% қазақстандық шикізатты қолданады. Өндірісте құю, сығымдау, термиялық, технологиялық үдерістерді механикалық өңдеу операциялары жүргізіліп, бір өнімнің құрамдас бөлшектері мен түйіндері жасалады, бұның бәрі оңай шаруа емес! Алматы ауыр машина жасау зауыты – «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымы бойынша бірнеше мәрте дипломант, жеңімпаз атанған», – деді зауытқа саяхат барысында Кәсіпкерлар палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.
Бүгінгі таңда Алматы ауыр машина жасау зауыты өндіріс ошағын Алматы қаласының Алатау ауданындағы өндірістік аумаққа көшіруді жоспарлап отыр. Жаңа кешенді салуға тартылатын инвестиция көлемі 170 миллион доллардан кем емес.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: