«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесін дамытуға грант ұтып алды

2016 жылғы 28 Қазан
- Алматы қаласы
14708 просмотров

Жас кәсіпкер табысқа жету құпиясымен бөлісті

Алматыда аспаптық былғары белбеу өндірісі іске қосылды. Ойының қалай жүзеге асқаны туралы жас кәсіпкер, «KazBeltTools» ЖШС негізін қалаушы әрі директоры Бауыржан Рымбаевтың өзі баяндап берді:

«Біз алғашқы бұйымдарымызды 2016 жылдың тамызының басында тіге бастадық. Бүгінде қуатты күшке айналдық. Қазір күніне шамамен 60 белдік өндіріп отырмыз. Негізінде бұл көрсеткішті 100 өнімге дейін арттыра аламыз. Штатта 7 қызметкер жұмыс істейді. Олар: тігіншілер, жамаушылар, ораушы, пресс маманы. Біз өзіміздің өндірісімізді «отандық өнім» деп толық айта аламыз. Өйткені пайдаланатын шикізатымыздың 85%-ы Қазақстанда өндіріледі. Біз былғарыны Қордайдан және Шымкенттен аламыз. Шымкентте «Казиталкожа» атты кәсіпорын бар. Ол жерде шикізат итальяндық технология бойынша қайта өңделеді. Сол себепті біз пайдаланатын шикізаттың сапасы өте жоғары. Металл заттар да қазақстандық өнім. Ал синтетикалық белбеулерді Қытайдан сатып алуға мәжбүрміз. Өкінішке орай, ол біздің елімізде өндірілмейді.

Барлығы қарапайым дүниелерден басталды. Біздің еліміз мал шаруашылығымен айналысатындықтан, жүн мен былғары өте көп. Алайда біз оларды өңдей алмай отырмыз. Мен базарда жүріп аспаптарға арналған белбеу іздегенде, бірде-бір отандық өнімді байқамадым. Сол сәттен бастап өзіміздің отандық өнімді өндіру туралы ой туды. Бірінші кезекте мен Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасына жүгіндім. Ол жерде мені мұқият тыңдағаннан кейін, Палата жанындағы Кәсіпкерлерді қолдау орталығына жіберді. Бизнес-жоспар құрдық. Маған заңгерлер, бухгалтерлер, маркетологтар кеңес беріп, барлық нұсқаулықтарды ұсынды. Палатада жүріп бизнес-мектепте оқыдым. Кәсіпкерлерге арналған қысқамерзімді курстан өтіп, сертификат алдым. Соның арқасында «Даму» қорының грантын алу үшін байқауға қатыстым.

Сонымен біз 1 млн 890 мың теңге грант иелендік. Ол ақшаға өндірістік тігін машиналарын және былғарыны кесуге арналған жабдық сатып алдық. Бастапқыда барлығын қолмен дайындадық, ал бүгінде барлығын автоматты түрде жасаймыз. Қазір біз «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік», «Қазақстанның үздік тауары» сынды барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып отырмыз. Барлық жұмысымды Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және Алматы Кәсіпкерлер палатасымен ақылдаса отырып жүзеге асырамын. Жоспар – ұлттық компаниялардың мемлекеттік тапсырысына шығуға мүмкіндік жасайтын индустриалды сертификат алу. Менің бұйымдарым «Қазақтелеком», «Кегок», «Самұрық Энерджи» сынды алып компанияларға керек. Қазір олар, өз қызметкерлеріне керек құрал-жабдықтарды шетелден сатып алып отыр.

Сонымен қатар өндіріс ауқымын кеңейту жоспарда бар. Қазір бізде 7 өнім болса, болашақта олардың санын 16-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Біз бұранда шегелер, бұрандалар және басқа да ұсақ  бөлшектер үшін магнитті бұйым өндіре аламыз. Мұндай өтініштерін айтып бірнеше мамандар келді. Және де біз құрылысшыларға арнап құрал-жабдықтарын салып алуға арналған белбеуі бар жылы кеудешелер тіккіміз келеді. Қазіргі таңда біздің өнімімізді Алматы, Шымкент қалаларындағы құрылыс гипермаркеттерінен сатып алуларыңызға болады. Жақында өз сайтымызды ашамыз. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеп жатырмыз. Жүзеге асыратын ойымыз өте көп, ең бастысы, ынтамыз бар!»


Еншілес ұйымдар

Серіктестер