«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы мен Женева арасы жақындай түсті

2016 жылғы 19 Қазан
- Алматы қаласы
7510 просмотров

Швейцариядан келген делегация Алматыда да болды

Қонақтар елордадан кейін бірден Алматыға келді. Шетелдік делегацияның құрамына қаржы, құрылыс, көлік логистикасы, химия, медицина, туризм, қонақ үй бизнесі, консалтингтік қызмет және ауыл шаруашылығы салаларынан 24 ірі инвестициялық компания енген. Делегацияны Женева кантонының экономика және қауіпсіздік министрі Пьер Модэ бастап келді. Швейцариялық кәсіпкерлерді ең алдымен ірі инвестициялық жобалар қызықтырды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов өзінің алғысөзінде атап өткендей, Алматы – қаржы салу үшін таптырмас қала. Тәуелсіз ел атанған 25 жылдың ішінде Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы бизнес-климат жасай білді. Республика инвесторларды қорғауда әлемдегі үздік орындардың бірін иеленеді. «Doing Business» рейтингісі бойынша «2015-2016 жылдардағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік есебіне» сәйкес, Қазақстан инвесторларды қорғау бойынша 140 елдің ішінде 25-орынға табан тіреген.

«Негізгі инвестициялық ынталандырулар: салық төлеуден босату (ұжымдық кіріс салығы бойынша 10 жылға, жер салығы бойынша 10 жылға, мүлік салығы бойынша 8 жылға), инвестициялық субсидиялар (құрылыс-монтаждау жұмыстарын және құрал-жабдықтар сатып алуға 30% нақты шығынды өтеу, кедендік жеңілдіктер (технологиялық құрал-жабдықтарды импорттау кезінде 5 жылға, технологиялық құрал-жабдықтарға қосымша бөлшектерді, шикізат және (немесе) материалдарды импорттаған кезде тиянақталған активтерге инвестициялар салуға байланысты 5 жылға дейін кедендік баж салығын салудан босату). Одан бөлек, квотадан тыс және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тартуға жағдайлар жасалған (инвестициялық қызмет нысанын пайдалануға бергенге дейін және бергеннен кейін 1 жылға дейін). 19 мемлекет үшін 2015 жылдың 16 шілдесінен 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін, 15 күнтізбелік күнге визасыз режим жасалған, соның ішінде Швейцария конфедерациясы да бар», – деп атап өтті Юрий Тілеумұратов.

Алматы қаласының экономикасына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мысалы, Алматы қаласының Алатау ауданында индустриалды аймақ құрылып, онда тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтикалық, химиялық салалар, машина жасау, құрылыс, жиһаз салалары дамып жатыр. Қазіргі таңда индустриалды аймақта жалпы сомасы 179,6 млрд теңге болатын 33 жоба іске асуда, сол бойынша 5 мыңдай жұмыс орны құрылған.

Өз кезегінде Женева кантонының Сауда палатасы директорының орынбасары Сюбилия Винцент өз тарапынан алғысын білдірді.

«Қонақжай Қазақстан жеріне келгенімізге қуаныштымыз. Біздің экономикамыздың басты айырмашылығы – Швейцарияда табиғи ресурстар аз. Біз сіздерге медицина, қаржы, құрылыс саласында жинаған біліміміз бен машықтарымызды ұсынуға дайынбыз. Швейцарияның Сауда палатасына 2,5 мың кәсіпкер кіретінін, біз де оларға сіздер сияқты түрлі көмектер көрсететінімізді атап өткім келеді. Бүгінгі кездесу қос елдің арасында ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді деп үміттенемін», – деді Сюбилия Винцент.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, Швейцария Қазақстанның ірі сыртқы сауда әріптестерінің бірі. 2016 жылдың ақпан айынан шілде айына дейін екі жақты тауарайналымы 2,1 млрд USD болса, соның ішінде экспорт – 2,09 млрд, импорт – 58,6 млн. 2015 жылы екі жақты сауда-саттық 2,78 млрд USD болған (жалпы тауар айналымының 3,7 %-ы, экспорт – 2,66 млрд USD, импорт – 129 мың USD). Тауар айналымының көлемі бойынша Швейцария РФ, ҚХР, Италия, Голландия және Франциядан кейін бесінші орында. Қазақстан Швейцарияға негізінен энергия тасымалдаушылар, асыл тастар мен металлдар тасымалдайды. Швейцария Қазақстанға сағаттар, химия өнеркәсібінің өнімдері мен фармацевтика өнімдерін импорттайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер