«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Трирден тәлімгерлікке дейін

2016 жылғы 14 Қазан
- Алматы қаласы
8022 просмотров

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен Германияның Трир қаласының Қолөнер палатасы көпжылдық бірлескен жұмыс нәтижелерін қорытындылады 

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге дуальды білім беруді енгізу жұмыстарын шетелдік серіктес тарап бұдан үш жыл бұрын қолға алған. Жоба 2014 жылы даярланып, кәсіпорындарды нығайтуға, дуальды білім беруді ұйымдастыруға Өңірлік кәсіпкерлер палатасының атсалысуына, өндірістік оқытуды іске асыруда Трир қаласы Қолөнер палатасының тәжірибесін қолдануға бағытталған.  Айта кетерлігі,  Германияның мамандар даярлау тәжірибесі әлемде алдыңғы орында тұр.  Оқыту бағдарламасы 6 облыста жүзеге асырылып, оған Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарындағы Кәсіпкерлер палатасы атсалысқан. Жобаға сұранысқа ие 7 мамандық бойынша кәсіпорындар енген. Олар құрылысшы-әрлеуші, ағаш шебері-жиһазшы, туризм жөніндегі менеджер, электр механигі, металл жонушы, аспаз, электр-газ дәнекерлеуші мамандықтары. Бүгінге дейін кәсіпорындардағы тәлімгерлер мен Алматы, Астана, Тараз қаласы ӨКП сарапшыларына 10-ға жуық оқыту семинары өткізіліп, жобаға қатысушы кәсіпорындар ұсынысын ескеру мақсатында, колледждердің оқыту жоспарларына өзгертулер енгізу туралы ұсыныстар әзірленген. Оқыту процесін ұйымдастыру, нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мәдени басқару, дуальды білім беруді қаржыландыру жұмыстары еңсерілген. Осылайша, мамандарды аттестациядан өткізу және сертификаттау, модульді оқыту бағдарламаларын әзірлеу мәселелеріне баса назар аударылған.   Жобаны жүзеге асыру аясында тәжірибе алаңдарында 6 дөңгелек үстел өткізілген. Оған Германия мамандары қатысқан. Неміс сарапшыларымен қатар, қазақстандық кәсіпорындардың мамандары да оқу бағдарламаларын жүргізген. Мысалы: «Базис» (Астана қаласы), «Borusan-Makina» ЖШС (Қарағанды қаласы), «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС (Балқаш қаласы), «Степногорск» еуропалық мойынтірек компаниясы (Степногорск қаласы), «LegaGroup» ЖШС (Қарағанды қаласы).

Жоба аясында Германияның кәсіби білім беру мекемелеріне сапар жасау да қолға алынған. Олардың арасында Германияның орталық кәсіби одағы, Білім министрлігі, Экономика министрлігі, Кәсіби білімнің федералды институты (BIBB), Кобленц және Трирдің кәсіп палаталары, Трир сауда-өнеркәсіп палатасы, кәсіби мектептер және т.б. бар. «Кәсіп және еңбек педагогикасы. Тәлімгерлердің аттестациядан өтуі» тақырыбында неміс оқыту курсы жүргізілген. Оған Астана, Атырау, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе, Петропавловск қалаларындағы кәсіпорындардың 50-ге жуық тәлімгері қатысқан.

Жиһаз және ағаш өңдеу қауымдастығының президенті Ержан Садықов оқыту сапары аясында Германияда оқуда болған тәлімгерлердің бірі. «Біз колледж оқытушыларының жалақысын сұрағанымызда, олар бізге Германияда «бай болғың келсе, мұғалімдікті оқы» деген бар сөз екенін айтты. Бұның кәсіби мамандар даярлауда маңызы зор. Бізге өндірістік оқыту шеберлері кәсіпорын мамандарымен бірдей жалақы алуы маңызды болып отыр. Себебі, олардың шәкірттері қосымша оқытуда қажет етпейтін, өз бетінше сапалы өнім шығара алатын маман бола алады. Мені студенттер жасаған дүниелер таң қалдырды. Кейбір бұйымдарды сәл ғана қайта жөндеуден өткізгеннен кейін, өндіріске жібереді екен. Бұларды не десек те, студенттер жасаған ғой.  Бұдан біліктіліктің өте жоғары екенін байқауға болады».

Атқарылатын жұмыс осымен тоқтамайды. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту жөніндегі бөлімінің жетекшісі Вера Цзиннің айтуынша, жоба бір ғана саланы тәжірибеден өткізу деңгейінде қалмауы тиіс. Оның пікірінше, сала еркін айналымға өтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы қажет.

Жобаны Германияның Экономикалық ынтымақтастық федералды министрлігі қаржыландырады. Басты мақсат – Қазақстандағы колледждер мен шағын-орта бизнес кәсіпорындарындағы тұрақты кәсіби даярлық деңгейін арттыруға ықпал ету. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер