Қазақстандық баспаларға ресейлік оқу орындары мамандар даярлауға кіріспек
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының атсалысуымен Алматы полиграфия колледжінің 12 түлегі Мәскеу мемлекеттік баспа университетіне қабылданды
Мұндай мүмкіндікке студенттер Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен құрылған полиграфистерді даярлау орталығының арқасында қол жеткізді.
Мәскеу университетінің «Алтын сертификатына» Алматы полиграфия колледжінің кез-келген студенті ие бола алады. Бұл оқу орны ел аумағында типография мамандарын дайындайтын жалғыз білім ордасы. Осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен Полиграфистер мен баспагерлер қауымдастығы студенттерге біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, бакалавр және магистр дәрежелерін алуға жол ашқан еді. Бұл бағытта полиграфистер дайындау орталығы ашылып, 2013 жылдың мамыр айында Иван Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспа университетімен бірлесе жұмыс жасау туралы келісімшартқа қол қойылған. Осыған сәйкес, қазақстандық түлектер университетте өз оқуын тегін түрде жалғастыра алады.
2014 жылы бакалавриатқа грантқа 32, магистратураға төрт студент түскен. Олардың ішінде Полиграфистер қауымдастығының нұсқауымен И.Федоров атындағы ММБУ-де оқу үшін 8 «алтын» сертификатты бакалавр студенттері және 4 «алтын» сертификатты магистрлер алған болатын. 2015 жылдың ақпан айында И. Федоров атындағы ММБУ-де орыс тілі, математика және физикадан 3 айлық даярлық курстары ұйымдастырылған. Өткен жылы бакалавриатқа 43, магистратураға екі түлек түскен.
Бүгінде Алматы полиграфия колледжі студенттері ресейлік алдыңғы қатарлы университеттің студенті атану үшін жаңа емтихандарға дайындалып жатыр. Мәскеу политехникалық университеті, сонымен қатар, Қазақстанның үздік 40 студенті мен бакалаврын қабылдайтыны туралы хабарлаған. Бұдан басқа, 17 полиграфист Санкт-Петербург өнеркәсіп технологиясы мен дизайны мемлекеттік университетінде білім алмақ.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: