«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тоғанға балық тоғытсақ...

2016 жылғы 02 Тамыз
- Алматы қаласы
9573 просмотров

Қазақстанның балық шаруашылығы мәселелері және жоспарлары жайында тікелей сарапшылар аузынан

«ҚазАква-2016» балық өсіру форумының екінші күні шаруашылық нысандары бойынша турға арналды. Шараға қатысушы қонақтар, қазақстандық және шетелдік сарапшылар Алматы облысындағы «Аква альянс» құрама жем зауытын аралады. Мұнда форель, бекіре және тұқыларға арналған жем шығарылады. Кәсіпорын жаңадан құрылған, 2015 жылдан бастап жұмыс істейді, 27 жұмыс орны бар. Зауыт директоры Ерлан Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, өндірістік қуаттылығы – жылына 3,5 мың тонна, бірақ жүктеме жарым-жартылай ғана. Жергілікті балық өсірушілердің сұранысы осы ғана, тіпті шетелдік ұқсас жемнен отандық жем 10-20% арзан болса да осы. Экспорттау тығырықтан шығарып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларус, Грузия  өнімді ықыласпен алып жатыр екен.

«Егер мемлекет балық өсіру шаруашылықтарына отандық жемді сатып алуға арнап субсидия енгізсе, жағдай біршама жақсарар еді. Мұндай тәжірибе  бес жыл бұрын бар еді, қазір дағдарысқа байланысты тоқтады. Бұл орайда  мемлекет балық өсірушілердің жемге жұмсайтын шығыстарын 50%-ға дейін жабар еді, дәл сол жылы акваөнім өндірісі жылына 300-ден 800 тоннаға дейін өсіп еді. Бұл балық өнеркәсібін едәуір қолдау болар еді», – деген пікір білдірді Ерлан Сүлейменов.

Ақпараттық турдың келесі бағыты – Алматы маңындағы атақты Түрген форель шаруашылығы. Іргесі 1967 жылы қаланған  ескі шаруашылықтардың бірі осы. Мұнда түрлі түспен құлпырған форель өседі.

«Біздің жылына 300-400 тонна форель өсіретін шамамыз бар, бірақ қазіргі уақытта жылына 40 тонна өсірудеміз, – деп қоштайды әріптесін форель шаруашылығы директорының орынбасары Ермек Әміржанов. – Қосымша жемдеуге көп шығын кетеді, ал оны Даниядан тапсырыспен алдырамыз: жергілікті жем біздің талаптарымызға сай емес. Бір килограмы мың теңге тұрады. Уылдырық тауарлық балық болып өскенше, кемінде жарты жыл керек. Санай беріңіз, қанша шығыс шығатынын, тіпті су алуға салынатын салықты, шаруашылық ұстауды, т.б. есептемегеннің өзінде».

Форумға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі, ҚР АШМ Балық ресурсын қорғау және балық  өсіруді реттеу басқармасының басшысы Аян Бахиянов өзінің басшылығына балық өсірушілердің мұң-тілектерін жеткізуге уәде етті. Бахияновтың сөздеріне қарағанда, субсидияны оңтайландыруға байланысты доғаруға тура келген, алайда қазір ведомство «Агробизнес-2020» бағдарламасын қайта қарауда, бұған балық өсірушілерге арналған қолдау кіруі мүмкін. Осылайша балықтың бағалы түрлерін ұстауға шамамен 2 млрд теңге бөлу жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер