«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Есебі түгелдің есесі кетпейді

2016 жылғы 28 Шілде
- Алматы қаласы
7220 просмотров

Алматы кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Бухгалтерлер клубы алтыншы рет бас қосты 

Алматылық компаниялардың, жеке кәсіпкерлердің бухгалтерлері мен қаржыгерлері, салық органдарының өкілдері Алматы кәсіпкерлер палатасының алаңында кезекті рет қордаланған түйткілдерді талқылау үшін жолықты. Осымен алтыншы рет бас қосып отырған Бухгалтерлер клубының басты тақырыбы салық төлеу, салықты жүргізудің тәртібі, электронды шот-фактураны дұрыс толтыру сынды мәселелерге арналды.

«Қазақтелеком» бойынша көтерілген мәселе бәрінен де қызу талқыланды. Ол электронды шот-фактураны төлеудің жалғыз операторы. Есепшілердің айтуынша, көбіне қосымша шот-фактура тарататыны қисынсыз. Соның кесірінен тексеріс жасап, артық кеткенді реттеуге біраз уақыт алады. Нақты мысалдарды қарастыра отырып, «Қазақтелеком» өкілдері жүйеде ауытқушылық болғанын анықтады. Сондықтан техникалық ақауларға байланысты бір есепшот екі рет жіберілген. Компанияның мәселесі сол жерде шешілді.

Клубқа шақыртылған қонақ – Алматы қаласы Мемлекеттік кіріс департаментінің Салық заңнамасын түсіндіру бөлімінің бастығы Нұржан Бейсебаевқа қойылған сұрақтар көп болды. Халықаралық салық төлеу бойынша әр сұрақты жеке қарап, мейлінше қанағаттанарлықтай жауаптар қайтарды. Әсіресе ҚР резиденті еместерге, ҚҚС есептеу, ҰҚС және басқа да салық түрлері бойынша ақыл-кеңес берілді. Бұл тақырыптың қызу талқыға  салынуы күтілген жайт еді. Өйткені, Алматы республика бойынша халықаралық сауда орталығы, келгендердің көпшілігі халықаралық компаниялардың, өзара серіктес, шетелдік сауда компаниялардың есепшілері болатын.

Жиында сөз алғандардың бірі Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнар Мамажанова болды. Ол есепшілерге салық тексерісінің тәртібін нақты айтып түсіндірді. Маман тексеріс кезінде қандай құжаттарды даярлап қою керектігін, заңнамадағы соңғы өзгерістерге де тоқталды.

«Палатадағы мұндай кездесулерді жиі ұйымдастырып тұрамыз. Талқылайтын тақырыпты өздеріңіз ұсынуларыңызға болады. Біз жиындарға жауапты лауазымды тұлғаларды шақырып, олардың түсіндіріп беруін өтінетін боламыз. Сіздердің ұсыныстарыңызды күтеміз», – деді келгендерге Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.

Клубтың жиындарына қатысуға тіркелу үшін мына телефондарға хабарласып жазылуға болады: 225-18-30 ішкі: 7509 Светлана, 331-01-33 ішкі: 812 Ардақ яки мына электронды пошта арқылы: clubbuh@palata.kz.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер