«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табысты сауда-саттық сыры

2016 жылғы 22 Шілде
- Алматы қаласы
7591 просмотров

Алматыда Маркетологтар клубының кезекті кездесуі өтті

Стартапшылар, бизнесмендер мен кеңес беруші мамандар тауарлар мен қызмет көрсетулер саласындағы алдыңғы қатарлы идеяларды талқылау мақсатында Алматыдағы Кәсіпкерлер палатасында бас қосты. Маркетологтар клубының екінші отырысының тақырыбы нарықты талдау мен өніммен өзара әрекеттестік, нарықты саралау, тұтынушыны анықтау, бизнесті жүргізу тәжірибесінде 4С's технологиясын қолдану сияқты мәселелерге арналды.

Қосымша маркетингтік зерттеу жүргізудің маңыздылығы туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңес беруші менеджері Александр Сидоров айтып берді.

«Менің тәжірибемде нарықты талдаумен ұзаққа созылған сәтсіздіктерден кейін айналысатын жағдайлар аз емес. Негізінде болашақ клиентіңді бизнесті ашқанға дейін зерттеуің қажет. Нарық бірнеше негізгі сегменттерге бөлінеді: әлеуетті (жақын және алыс шетелдер нарығы), жалпы (ішкі нарық), нақты (мақсатты аудитория), нүктелі (мәселен, S-санатты автомобиль сатып алатын 35-45 жас шамасындағы ер адам, табысы жоғары, әлеуметтік жағдайы жақсы, тиісінше жайлылық пен беделді брендті бағалайды, нақты автосалондарға барады). Сіздер нүктелі клиентті айқындаған кезде, оны қайдан табу керек бірден түсінесіз. Міне, осы сәттен бастап барлық маркетингтік жүрістер мен айла-тәсілдерді пайдалана отырып, іске кірісу керек», – деп кеңес берді тренер.

Сондай-ақ ол сезімге бой алдырмастан бизнесті жабу немесе сату туралы шешім қабылдауға кеңес берді. «Көпшілік үшін бизнес бала сияқты. Олар оны сақтап қалу үшін шығындалуға дайын. Өз кәсібіңізге адал болыңыз. Бизнес табыс әкелуі керек. Егер олай болмаса, онымен еш өкінбестен қоштасу қажет», – деп пікірін білдірді Александр.

Кездесудің құрметті қонағы Руфина Мирзаеваның баяндамасы да тартымды болды. Бұрын жарнама агенттігінің директоры, ал қазір зергерлік компаниясының иегері «өз» клиентін анықтау үшін арнайы әзірленген 4С's технологиясын таныстырды.

«Алдыңғы баяндамашыны қолдай отырып, нарықты егжей-тегжейлі саралауға мүмкіндік беретін жаңа тәсілмен таныстырғым келеді. Бұл бағдарламада мұндай сементтер 7. Ағарту – оған реформаторлар кіреді. Олар 40 жас шамасындағы өзін-өзі қамти алатын, тәуелсіз, жоғары білімді тұлғалар. Денсаулық пен уақытты қаржыдан да жоғары бағалайды. Оларға биокосметикаларды, табиғи өнімдерді, экотауарларды сатуға болады.  Жариялылық – тәжірибе жасаушылардың сегменті: 18 бен 25 жас аралығындағы жастар (30-40 жастар шамасындағы тұлғалар да кездеседі). Әрдайым жаңа жолдарды, жаңа дүниелерді іздейді. Олар тұрмыс құрмағандар, студенттер. Оларға гаджеттер мен технологиялық жағынан жаңа өнімдерді сатқан оңайырақ. Бақылау – табысты, жасы келген (40-50), үйленген топ-менеджерлер мен компания иегерлері. Бизнес немесе отбасы болсын өз өмірін әрдайым бақылауда ұстайды. Олардың өмірі – күйзеліс. Олар оның орнын бедел мен жайлылық арқылы толтырады. Оларға премиум-санаттағы тауарларды сатқан жеңілірек. Мәртебе – алдыңғылардың табыстарымен шабыттанған ерекше топ. Біреуге жұмыс істейді: тұрақты табысы бар жас клерктер, кеңсе қызметкерлері. Қызу қанды шопоголиктер брендті дүниелерді бағалайды, қаржыға қарап өмір сүрмейді. Барлығында табысты адамдарға ұқсағылары келеді, сондықтан нақтылы тауарларға қаржыны үнемдемейді. Оларда көлік болмауы мүмкін, алайда, мәселен, темекілері таңдаулы болуы тиіс. Оларға жұлдыздардың қатысуымен түсірілген жарнамалар 100 пайыз әсер етеді.Тауардың орауы, белгісі, сыртқы көрінісі маңызды. Қауіпсіздік – бұл топқа ғаламшардың басым бөлігі кіреді. Бұл мэйнстрим, бұқара. Үйден шықпайтын, отбасылы адамдар, негізінен әйелдер. Қаражыға қарай өмір сүреді, тексерілген әрі арзан тауарларды таңдайды. Тіршілік үшін күреседі. Ол Проктер энд Гэмбл компаниясының сегменті. Қашу – бұл топтағылар күрескерлер. Өмір сүру үшін күреседі. Негізінен үйленбеген, таысы аз, тұрақсыз еркектер, қол еңбегін пайдаланатындар –  ТЖО шеберлері, құрылысшылар, алысқа қатынайтын жүргізушілер. Арзан сыраны, фастфудтарды, лотереяларды белсенді тұтынушылар. Күн көру – мұнда зейнеткерлер. Бұл сегментациядан өз тұтынушысын айқын танып, оның қажеттіліктерін зерттеп, олардың тілектері мен қалауларына қарай икемделуге болады», – деп Руфина Мирзаева жаңа технологияны таныстырды.

Оның айтуынша, жеке бизнесінде бұл технология жақсы қабылданған. Мәселен, Руфина оның зергерлік бұйымдарының мақсатты аудиториясындағылар  «Бақылау» мен «Дәреже» сегментіндегі әйелдер екенін оңай анықтаған. Осыдан тауарды бұдан ары қарай ілгерілетуге болады: интернет-дүкендер мен сәнді киімдер бутигі арқылы.

Болашақ клиенттің психологиясын зерттеуге бизнес-кеңесші Юсуп Карада да кеңес берді.

«Нарық сегментациясын тауарды тұтынушылар бойынша ғана емес, шешім қабылдайтын тұлғалар бойынша да жіктеу керек. Мәселен, гаджеттер. Сатып алушылар – оқушылар мен студенттер, алайда шешімді олардың ата-аналары қабылдайды. Немесе, керісінше. Шипажайлар мен сауықтыру орындарына жолдамалар: ересек балалар өздерінің қарт ата-аналарына сертификаттар береді. Зергерлік әшекейлер – ерлер әйелдерге сатып алып береді. Шешім қабылдайтын тұлғалармен жұмыс істей бастағаннан-ақ, көп күттірмей сауда жүреді», – дейді Юсуп.

Клуб отырысы ай сайын өтеді. Жақында өтетін кездесулердің тақырыптары: Алматы қаласы ӨКП директорының қатысуымен өтетін «Алматы Кәсіпкерлер палатасының қызметі мен мүмкіндіктерін таныстыру», Қор басшылығының қатысуымен өтетін «Даму» қорынан субсидиялау, кепілдендіру және несиелендіру бағдарламалары», «Нақты кәсіпкердің мысалында бизнес-кейті талдау» және т.б. Орындар саны санаулы, Клуб кездесуіне қатысу мына нөмір бойынша тіркеледі: 331-03-33, ішкі: 816. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер