«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сөз тізгіні – адвокаттарда

2016 жылғы 20 Мамыр
- Алматы қаласы
7637 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасында алғашқы Заң форумы болып өтті

Бүгінгі Алматы Кәсіпкерлер палатасының алғашқы Заңдық форумында білікті адвокаттар кәсіпкерлік қызметке қатысты заңдық мәселелердің бүге-шүгесін талқыға салды. Халықаралық тәжірибесі бар, «Назханов және серіктестер» адвокаттық кеңсесінің серіктесі Орынғазы Жаболдиновтың шетелдіктермен шартқа отыру туралы ел алдында сөйлеген сөзі жиналғандардың назарын аударды.

«Келісім жасау кезінде өз болашақ серіктесіңді мұқият тексеріп алған жөн. Менің тәжірибемде өзін шетелдік компания ретінде таныстырған тараптың әрекет етпейтін немесе мүлде жоқ компания болып шығу деректері көптеп орын алған. Мұны қалай тексеруге болады? Сауда тізілімінен апостильденген көшірме мен салықтық резидент сертификатын сұрату қажет. Егер бұл еншілес компания болса, онда бас кеңсемен байланысқа шығу керек. Сонымен бірге, көптеген елдерде компания туралы толық ақпаратты ақылы веб-ресурстар арқылы алуға болады», – деген пікір айтты сарапшы.

Сондай-ақ, Орынғазы Жаболдинов шартқа отыру кезінде халықаралық құқық түрлері мен орын алуы мүмкін қателіктерге де тоқталып өтті.

«Іс жүзінде, біздің компаниялардың көбі шетелдік контрагенттерді құқық шартында (жеке меншік материалды) қазақстандық құқықты қолдануға көндіре алмай жатады. Сәйкесінше, қазақстандық тарапта көптеген сұрақ туындайды. Мәселен, шарттың шынайылығына күдіктенеді. Көптеген әлем елдерінде ағылшын-саксон құқығы қолданыста, алайда олардың да  түрлері бар. Қандай жағдайда болмасын, шарттың барлық тармақтарын халықаралық құқық және нақты бір мемлекет құқығы саласындағы тәжірибелі маманмен кеңесе отырып ескеру және белгілеу қажет», – деді ол.

Форум барысында заңгерлерге «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік және аралық қарау орталығының қызметін таныстырды.

«Енді Ұлттық кәсіпкерлер палатасында сіз өз азаматтық дауларыңызды шеше аласыз. Бұл мемлекеттік сотқа қарағанда айтарлықтай жеңіл, тез әрі тиімдірек. Біріншіден, сізде профессорлар, академиктер, мамандар, дау мәніне қанық әрі әділ тәуелсіз шешім шығаратын жетекші сарапшылар қатарынан өз бетіңізше арбитрлерді (сот) таңдау мүмкіндігі болады. Екіншіден, арбитрлік алым көлемі соттың мемлекеттік баж салықтарының жартысына ғана тең болады. Үшіншіден, тараптар істің қаралу орнын, мерзімін, уақытын өздігінен шешеді, оның ішінде сырттай істерге қатысты. Осылайша, сіздер өз уақытыңызды үнемдеп, іссапарға кететін шығынды азайта аласыз. Сонымен бірге, Еуропа конвенциясына сәйкес, арбитражды шешім әлемнің кез келген жерінде мойындалады, ал мемлекеттік сот туралы олай айтуға болмас», – деп, «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік және аралық қарау орталығының бас хатшысы Асқар Қалдыбаев заңгерлерді ынтымақтастыққа шақырды.

Заң форумын қазірден бастап бизнес-қоғамдастыққа арналған пайдалы пікірлесу алаңы деп атауға болады. Мұнда кәсіпкерлер әңгімеге белсенді араласып, салық салу, мемлекеттік сатып алулар саласындағы, тінту, қамау және тергеу кезінде құқық қорғау органдарымен іс-әрекеттер туралы түрліше түсіндірілетін сот даулары жөнінде сұрақтар қоя алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, заңгерлер, бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардың мұндай кездесулері тұрақты түрде өтетін болады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер