«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ортақ өндірістік база – ұтымды жоба

2016 жылғы 01 Сәуір
- Астана қаласы
9407 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы елордадағы ескерткіш дайындаумен айналысатын бизнесмендерді бір өндірістік базаға бірігуге шақырып отыр

Бұл ұсыныс Астана қаласындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында қарастырылды.

«Қазіргі уақытта Астана қаласының уәкілетті органдары ескерткіш дайындау үшін жалға жер беріп отырған тұрғын үй иелерін жер телімдері мен тұрғын жайларын мақсатсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту мақсатында рейдтік шаралар жүргізуде. Әңгіме Сейфуллин көшесі мен Тілендиев даңғылы орналасқан аудандағы жеке секторға қатысты болып отыр. Мақсатсыз пайдаланудан бөлек, мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің әрекетінен аталмыш көшелерде кептеліс орнап, ластанып, асфальт-бетонды жабынды жарамсыз боп қалатындығын да алға тартуда. Соның салдрынан кәсіпкерлер орналасу аймағын өзгеру мәселесіне кез боп отыр, ескерткіштердің тастардан жасалатынын ескерер болсақ, бұл айтарлықтай күрделі мәселе», – дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Мұжықов.

Ескерткіш дайындаумен айналысатын бизнес субъектілерінің ісін реттеу үшін, Кәсіпкерлер палатасы елорда әкімдігіне «Aстана» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы аталған кәсіпкерлерге өндірістік базаға арналған жер телімін бөліп беруді ұсынуда.

«Бұл шара осы саладағы көптеген шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп, әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етеді әрі жеке секторды мұндай нысандардан босатады. Ал, ең бастысы, осы шараны жүзеге асырудың арқасында, қаланың орталық көшелерінің бірі – Сейфуллин көшесі мен Тілендиев даңғылындағы бизнес нысандарын  қаланың орталығынан шет аумақтарға көшіреді. Өз кезегінде, «Aстана» ӘКК» ҰК» АҚ жарғылық мақсаттарына сәйкес, Астана қаласындағы кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, жер телімін жалға беруден табыс көреді», – деп түсіндірді Серік Мұжықов.

 Баяндама жасаушыны тыңдап болған соң, «Aстана» ӘКК» ҰК» АҚ-ның аппарат басшысы Мұхтар Қожахметов ұлттық компания үшін бұл ұсыныстың ұтымды екенін және кәсіпкерлермен қарым-қатынас механизмін әзірлеуге дайын екенін айтып өтті.

«Өндірістік базаны барлық коммуникациямен – жарықпен, жылумен, сумен қамту үшін, жақсы жер телімін табу қажет. Бұл бір реттік және уақытша жоба емес қой, сондықтан оны жан-жақты қарастыру керек», – деп атап өтті Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ирак Елекеев.

Одан соң Кеңес мүшелері «Спецэлектра» ЖШС-ның Астана қаласындағы Индустриалды паркте орналасқан, 2013-2014 жылдары салынған жылу желісін іске қосуға, сондай-ақ «Бетонмен қапталған ЖҚТС шығаратын зауыт» нысанымен іргелес П-11 көшесін қамтуға көмек беру жөніндегі өтінішін талқылады.

«Мәселе біраздан бері көтеріліп келеді. Қолымызда бірнеше хат пен Астана қаласы әкімдігінде өткен жиналыстардың хаттамалары бар. Онда П-1 көшесінен П-13 көшесіне дейінгі нысандарды, соның ішінде «Спецэлектра» ЖШС зауытын жылумен қамтуға қажетті ЖМ-50 жылу магистралінің алғашқы бөлігін іске қосу мерзімдері әртүрлі көрсетілген. Алайда осы күнге дейін бұл жылу желісі қолданысқа берілмеген. Атап өтерлігі, бұл мәселе «Спецэлектра» ЖШС-ға ғана емес, Астана қаласының Индустриалды паркінде орналасқан барлық кәсіпкерлік субъектілеріне түгелдей қатысты әрі Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында осыған ұқсас бірқатар өтініштер болғандықтан, бұл жүйелік сипатқа ие», – деп атап өтті Палатаның сарапшысы Нұржан Букин.

Жиналысқа қатысқан энергетика басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Мұқашев жылу жолының іске қосылмағандығын жобаның республикалық бюджеттен уақытылы қаржыландырылмағандығымен және  елордадағы ЖЭС қуатының жетіспеушілігімен түсіндірді.

«Биыл ЖЭС – 2 қуатын арттыру жоспарлануда, сонда осы мәселе шешемін табуы мүмкін», – деді Әділбек Мұқашев.

Оның айтуынша, Индустриалды парктегі барлық жылу желілерінің құрылысын 2016-2017 жылдардың күз-қыс маусымының басталуына дейін аяқтау күтілуде.

Пікір-сайыс нәтижесінде Кеңес мүшелері осы екі әлеуметтік маңызды мәселені шешу үшін Астана қаласының әкімдігіне хат жолдау туралы шешімге келді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер