«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ресей компаниялары Қазақстанның жекеменшік сынақ зертханаларын нарықтан ығыстыруы мүмкін

2016 жылғы 30 Наурыз
- Алматы қаласы
9121 просмотров

Отандық кәсіпкерлер теникалық реттеу, метрология және аккредитация саласындағы проблемалар туралы айтып берді

Алматыдағы Кәсіпкерлер палатасында өткен техникалық реттеу, метрология және аккредитация саласындағы қоғамдық мониторинг мәселелері жөніндегі жұмыс кездесуінде аталған саладағы жүйелі проблемалар талқыланып, оларды шешу жөнінде ұсыныстар айтылды. Жиынға сәйкестікті тексеру жөніндегі органдардың өкілдері, жеке сынау, мөлшерлеу және салыстыру-тексеру зертханаларының басшылары мен сарапшылары қатысты.

«Біздің компанияның нарыққа шыққанына көп болды. Біздікі салыстыру-тексеру зертханасы, біз байланыс операторларына қызмет көрсетеміз, деректерді жіберу жүйесінің, оның ішінде интернет тексерісін жүзеге асырамыз, – дейді «UniTestNew» ЖШС сарапшысы Людмила Калишевич. – Біздегі жабдықтың бірегейлігі, ерешелігі соншалық, тіпті біздің қызметке Мемлекеттік стандраттың өзі келіп жүгінеді, себебі оларда мұндай жабдық жоқ. Кәсіпкер өнімге сертификат алу үшін, Мемлекеттік стандартқа барады, ал ол, өз кезегінде, оны бізге жібереді. Ал көрсетілген қызметке кәсіпкер бізге де, Мемлекеттік стандартқа да төлейді. Кешірерсіздер, әріптестер, бірақ шын мәнінде Мемлекеттік стандарт мөр мен қойылған қол үшін ғана төлем алып отыр. Барлық сынақтарды, өнімді тестілеу, құжаттарды толықтай даярлауды біздің компания жүргізеді. Мен ҚР Техникалық реттеу және метрология комитетіне ведомствомен аккредиттелген сынау орталықтарын ашу арқылы бұл процедураны жеңілдету өтінішімен бірнеше мәрте барғанмын. Мұндай тәжірибені ресейліктер қолға алған болатын, ал қазір бұл РФ Мемлекеттік стандарты үшін де, кәсіпкерлер үшін де ыңғайлы. Бірақ біздің өтінішке аталған шара заңнамада қарастырылмаған деген жалтарма жауап беріледі».

«Біз ірі шетелдік компанияның өкілдеріміз. Компания өнімдерінің қатарында GNSS/GPS жүйелері, 3D лазерлік сканерлері, құрылысқа, ауыл шаруашылығына арналған қашықтық өлшеуіштері және т.б. ең заманалы жабдықтар бар. Сертификат алу үшін «Қазақстандық метрология институты» РМК-ға жүгіндік. Біріншіден, қызмет мерзімі көңілден шықпайды (өтінімді қарау және құжатты беру 20 жұмыс күнінен соң ғана жүзеге асады), ал екіншіден, қызметтің құны негізсіз жоғары. Реестрге енгізгені үшін ғана біз 700 мың теңге төледік, тағы 300 мың теңгені құжаттың мемлекеттік тілдегі аудармасы үшін талап етті. Бірақ мәселе онда емес. Біздің жағдайда барлық процесске 5 ай кетті. Бұл компания имиджіне нұқсан келтірді. Орталық Азиядағы барлық өкілдіктер компанияның жаңа өнімдері таныстырылымын жасап сатуда. Ал біз болсақ өз клиенттерімізге жарты жыл бұрынғы өнімдерімізді де ұсына алмаймыз, себебі олар Қазақстанда сертификатталмаған. Біз сарапшылардың қарау мерзімін қысқарту керек және тауарлар мен тұтас қызметтерді сертификаттау мен стандарттау процедурасын жетілдіру керек деп есептейміз», – деген пікір білдірді Leica Geosystems Kazakhstan LLP ЖШС сарапшысы Олег Дельденков.

«Біздің нарықта жекеменшік Ресей зертханаларының мүддесі үшін қызмет жасайтын брокерлік және консалтингтік делдалдардың болуы жағдайды күрделендіріп отыр. Олар кез келген өнімді 2 күн ішінде төмен бағамен сертификаттап береді. Ал қазақстандық кәсіпкерлердің көп бөлігі дәл солардың қызметіне жүгініп отырғаны заңды. Техникалық реттеу комитетінің табалдырығын айлап тоздырғанша, бұл қағазды арзан әрі тез сатып ала салу оңай. Олардың сертификаттары қаншалықты заңды? Мәселе осында. Өнімді тестілеуден өткізу процесі бейнеті көп және бірнеше тәулікте біте қоймайтын шаруа екені бәріне белгілі. Бұл жалған қағаздар барлық аккредиттелген зертханалардың, оның ішінде         Комитеттің жабылуына алып келмей ме? Оларға кім жүгінетін болады? Біз қазір Кедендік одақ аясында жұмыс жасағандықтан, ресейлік компаниялардың Қазақстан аумағында қызмет жасауына кедергі болуға құқығымыз жоқ, олардың қызметіне тексеріс жүргізуге де құқылы болмай отырмыз. Бұл біздегі тағы бір проблема», – деді Сертификаттау жөніндегі органдар қауымдастығы төрағасының орынбасары Ринат Баутов.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, кездесудің модераторы Қайрат Құдайберген жағдайды өз бақылауына алуға уәде берді.

«Осында отырған барлық кәсіпкерлер мен сарапшыларға Алматы қ. ӨКП-на нақты ұсыныстар айтылған хат жолдауды ұсынамын. Біз, өз кезегімізде, айтылған жүйелі проблемаларды «Атамекен» ҚР ҰКП орталық аппаратында талқыға салатын боламыз. Бұдан басқа, ҰКП жанында жұмыс жасайтын «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» да ресейлік сертификаттау органдарымен орын алған халықаралық проблеманы шешуге атсалысатын болады. Тауарларды сертификаттаудың тиісті жүйесінің болмауы, мұнымен қоса, ел нарығының контрафактілік тауарлармен толу қаупін тудырады, ал бұл ендігі ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін», – деді Қайрат Құдайберген.

Техникалық реттеу, метрология және аккредиттеу саласындағы проблемалық мәселелерді анықтау және талдау жөніндегі қоғамдық мониторинг 23.06.2015 жылғы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы келісімін жүзеге асыру жөніндегі Бірлескен іс-шаралар жоспарының 4.1-тармағына сәйкес өткізіліп отыр. Бұл Келісім аясында Қазақстан Республикасының Инвестициялар мен даму министрлігінің Техникалық реттеу, метрология комитетінің (бұдан ары – Комитет) мемлекеттік қызмет көрсету тәжірибесі мен «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК, «Қазақстан метрология институты» РМК қызметтеріне талдау жүргізу қарастырылған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер