«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның мемлекеттік мекемелері асханасыз қалуы мүмкін

2015 жылғы 18 Қараша
- Алматы қаласы
10259 просмотров

Себеп шағын үй-жайдың табысына сай келмейтін жалдау ақысының  шектен тыс жоғары мөлшерлемесінде болып отыр.

Алматы Кәсіпкерлер палатасында қалалық жедел жәрдем станциясының асханасын жалдаушы Арназ Көпболсын толғақты түйткілдерімен бөлісті: “17 наурыздан бері (жаңа «Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беру қағидасы» қабылданған сәттен бері) қарызым 2,5 млн теңгеден асып түсті. Бұндай коэффициенттер қайдан алынған? Бюджеттегілер ғана тамақтанып, шай мен бәліш қана сатып алатын үй-жай үшін айына 300 мың теңге төлеуге тиіспін. Ондай ақшаға мейрамхананы жалға алуыма болады! Санап көріп ем, мұндай жалдау ақысын төлеу үшін бір бәліш 500 теңге тұруға тиіс екен. Ұлттық экономика министрлігінің сандары мен есептеулері ойдан шығарылып отыр! Күніне 30 мың теңге тауып, оның 25 мыңын аспаз бен ыдыс жуушының жалақысын, салық, сатып алу мен зарарсыздандыруды сақтау үшін төлеуге жіберетін болсам, қайдағы миллион жайлы айтып отырсыздар”. 

“Біз қымбат тауар, спирттік ішімдік немесе темекі сатпаймыз, қосымша табыс әкелетін банкеттер өткізбейміз. Бюджеттегілерді тамақтандырамыз. Дағдарыс екенін, мемлекетті қолдау керек екенін түсінеміз, онда төлемді 15-20 есе емес, 2-3 есе өсірсін! Министрліктің мұндай ұстанымының арқасында мына біз, мемлекеттік мүлікті жалдаушылар, шағын бизнес санаты ретінде жойылып кетуіміз де мүмкін”, - дейді №4 қалалық клиникалық аурухана асханасын жалдаушы Шолпан Аманжолова.

Ұлттық экономика министрінің 17.03.2015 жылғы №212 бұйрығымен бекітілген жаңа «Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларын» енгізгеннен кейін мемлекеттік мекемелердегі үй-жайларды жалға алу төлемі мөлшерлемесінің өзгеріп кеткенін еске саламыз. Ішкі көрінісі мен ұсынылатын мәзірі жөнінен қарапайым асханалардағы табыс, ведомство пікірінше, салтанатты мейрамханалардың табысына тең келеді екен. Ұлттық экономика министрлігі қазынаға «түспей қалған» түсімдерді есептеп шығып, мемлекеттік мүлікті жалдаушыларға кәсіпкерлердің шынайы табысына сәйкес келмейтін жаңа есептер ұсынған.    

Түйткіл ең алдымен білім беру мекемелерін жалдаушыларға тиді. Ақырында миллиондаған мектеп оқушысы ыстық тамақсыз қалды. Ауруханалар, поликлиникалар, ІІД мекемелеріндегі асханалар бұрынғыша қиын жағдайда қалып отыр. Олардың көпшілігі жабылып та үлгерді. Жалақылары 30-80 мың аралығын құрайтын бюджет саласының мыңдаған қызметкері бағасы қолжетімді түскі астан қағылды.   

Ұлттық палата Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің атына аталмыш қағидаларға қолданылатын коэффициенттердің базалық мөлшерлемелері мен мөлшерлерін төмендету жөнінен түзетулер енгізуді бастамалау жайлы хатын 2015 жылғы 10 маусымда жолдағанын атап өту керек. Осының негізінде 23 маусымда түзетулер енгізілді: мөлшерлемелер мөлшерлері аумақтық орналасу коэффициентін өзгерту есебінен төмендетіліп, мемлекеттік орта білім беру мекемелері асханаларын жалдаушылар үшін жалдау есебінен тамақтанатын залдар аумағы алынып тасталды. Алайда біршама өзгертілген сомаға да жалдушылардың шамасы келер емес.

«Атамекен» ҰКП тамыз айында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры А.Н.Кравченкоға «Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының» заңды екенін қарауды сұрап өтініш жіберді. Алайда мәселе әлі күнге дейін қарау деңгейінде жатыр.

Оның үстіне, Қазақстанның барлық өңірлерінде жаңалық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі, ал Алматыда жалгерлерден жаңа мөлшерлеме бойынша ақы үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері талап етілуде.

Мұндай жағдайда жоғары жалдау ақысы бірқатар жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін: кәсіпорынның жабылуына, асханалар қызметкерлерін жұмыстан босатуға және жұмыссыздар қатарының толығуына. Бұл әлеуметтік шиеленіс пен наразылыққа, медициналық мекемелердегі мемлекеттен жалға алынатын асханадағы медицина қызметкерлерінің тамақтануын ұйымдастырумен айналысатын кәсіпкерліктің жойылуына әкеледі. Ал бюджеттік ұйымдар қызметкерлері болса, қолжетімді бағадағы ыстық тамақтан қағылуы мүмкін. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер