«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-омбудсмен институтын құру – уақыт талабы

2015 жылғы 14 Тамыз
10323 просмотров

Бизнес-омбудсмен институты кәсіпкерлердің заманауи сынақтарға төтеп беруіне ғана көмектесіп қоймай, одан әрі дамуына жағдай жасайды

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев осындай ой айтты.   

«Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне әрі Еуропалық Одақ және басқа да елдермен ынтымақтастықтағы белсенуіне байланысты Қазақстанда Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті институтты практикалық енгізу шараларын тез арада жүзеге асыру қажет екені анық байқалуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары: 100 нақты қадам бағдарламасындағы 54-қадамда сөз болған бизнес-омбудсмен институты осындай болуға тиіс», - деп есептейді Асылбек Жәкиев.

Палата басшысының айтуынша, кәсіпкерлер құқығын қорғау институттарын дамыту және нығайту кәсіпкерлікті табыспен дамытуға арналған мемлекет пен қоғамның, жалпы экономиканың біршама маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Кәсіпкерлердің 30 пайыздан астамы бизнестің құқықтық қорғалуының төмендігін мәлімдеуде. Бас прокуратура деректеріне сүйенсек, 2013 жылы кәсіпкерлер құқығының 11 мың бұзылу дерегі тіркелген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы деректері бойынша, 2014 жылы ғана шамамен 6 мың бизнес субъектісі өз құқығын қорғауды сұрап жүгінген.

«Бизнес-қоғамастықты қорғаудың ықпалды құралдарының бірі бизнес-омбудсмен институтын енгізу бола алады. Оның уәкілеттігі мен мәртебесі «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңының 5-1 Тарауында жазылған. Бизнес-омбудсмен өз қызметінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдануға; өтініштерді қарауда объективтілік және турашылдық көрсетуге; қорғау сұрап келген кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын іске асыруға кедергі келтіретін қандай да бір әрекет жасамауға міндетті», - деді Асылбек Жәкиев.

Бизнес-қоғамдастық құқығы бойынша уәкілетті институт сотқа дейінгі істі қарау процесін реттеу құқығына ие болып, кәсіпкерлер құқығын қорғау үшін сотқа жүгінеді, сонымен қатар шетелде отандық бизнесмендердің құқығын қорғайды деп болжануда.

Палата басшысы бүгінгі таңда бизнес-омбудсмен институтының әлемдегі көптеген елдерде кеңінен таралғанын айтып өтті. Соынмен, мысалы, АҚШ және Кореяда 1996 жылдан бері, Австралияда 2013 жылдан бері ойдағыдай жұмыс жасауда. Мұндай мысалдар жеткілікті. Қазақстанда бизнес-омбудсмен институты 2005 жылдан бері «Атамекен» одағы құрылуымен қалыптаса бастады.

Бүгінгі күні Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының жанында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес әрекет ететінін, Прокуратурамен бірге бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден 253 өтініш келіп түсті, оның ішінде 120 – бизнес пайдасына шешілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер