«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Зардап шеккендерге көмектесейік!

2015 жылғы 23 Шілде
- Алматы қаласы
11467 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасы сел кезінде зардап шеккендерге қаражат жинауды ұйымдастырып, қызметкерлерінің бір күндік еңбекақысын арнайы шотқа аударды

“Бүгін сағат 02:15-те  Қарғалы мұздығының астында «Безымянное» көлі ернеуін бұзып өтті. Бұзылыс сел тасқынының қалыптасуына алып келіп, ол бөгетке құйылды. Тасты сел ағысының жүріп өтуі нәтижесінде үш ауданның аумағы зардап шеккен. Бәрінен де Наурызбай ауданындағы Чапаев ауылы көп зардап шегіпті. Алатау ауданында Алғабас кенті де тасқын астында қалған. Ресми деректерге сүйенсек, апат аймағынан 900 адам эвакуацияланған. Табиғат апатының зардаптарын жою шаралары қолданылуда, мүліктік зиян анықталып жатыр», - деп хабарлады Алматы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Юрий Тілеумұратов. – «Алматы қаласының Мәслихаты зардап шеккендерге өтемақы үшін 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл жағдайда Алматының бизнес-қоғамдастығы орын алған оқиғадан қалыс қала алмайды және барлық кәсіпкерлерді апат салдарларын жоюға белсене ат салысуға шақырады».

Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлескен әрекеттерді үйлестіру үшін Зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі штаб құрды. Аталмыш штаб Алматы қаласы, Достық даңғылы, 160 мекенжайындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында (КҚКО) орналасқан. Мұнда азық-түлік, киім және тасқыннан зардап шеккендерге қажет барлық заттар жиналады. КҚКО жұмыс уақыты сағат 18-ден 21-ге ұзартылды.

Жиналғанның бәрі әрі қарай мұқтаж жандар арасында таратылуы үшін Наурызбай ауданының жедел штабына берілетін болады.

“Зардап шеккендерге көмекке қаражат жинау мақсатында есептік шот ашылды: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ, БСН 131040020647, ЖСК KZ088210339812162864,  «Bank RBK» АҚ Алматы қаласындағы филиалы, БСК KINCKZKA, оған еліміздегі әрбір бизнесмен мұқтаждарға арнап қаражат аудара алады. Қазірде шотқа 1 млн теңгеден астам сома түскен. Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сонымен қатар зардап шеккендерге көмек қорына бір күндік еңбекақысын аударуға шешім қабылдады. Бұл шамамен 400 мың теңгені құрап отыр”, - деді Юрий Тілеумұратов.

Палата директорының орынбасары Қайрат Құдайберген атап өткендей, жолды тазалауға қажет техника, құрал-жабдықтар анықталып қойған.

“Сонымен қатар, ТЖ орнында жұмыс жасап жатқан еріктілер мен ішкі әскерлер үшін ыстық тамақ ұйымдастыру қажет. Көмекке шақыруға көптеген адамдар үн қатқандықтан, еріктілердің жаңа топтары қалыптасуда. Кәсіпкерлер палатасы барлығына да алғысын айтады”, - деді ол.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы қандай көмек қажет екенін айқындау үшін, Штаб қызметкерлерімен, Наурызбай ауданы әкімдігімен тұрақты байланыс орнатты.

“Қазір, мәселен, күректер, қолғаптар, қаптар қажет. Шамамен 300 күрек, 1,5 мың қап пен мың қолғап сатып алдық. Оны бір сағат ішінде сол жерге жөнелтеміз”, - деді Қайрат Құдайберген.

Ол сонымен қатар БАҚ-та және әлеуметтік желілерде көрініс берген зардап шеккен ауданда тек табыс деңгейі жоғары адамдар ғана тұратыны жайлы ақпаратты жоққа шығарды.

«Ол адамдарға көмектесудің керегі не, онда тек «керемет» адамдар тұрады деседі. Шын мәнісінде олай емес. Барып, онда бай емес адамдар тұратынына өзіңіз де көз жеткізсеңіз болады», - деді ӨКП директорының орынбасары.

Қаражат жұмсалуын банк пен Кәсіпкерлер палатасы бірге бақылайды.

“Қаражаттың жұмсалуы жөніндегі есепті БАҚ-қа жариялауға келісеміз. Ақшаның қайда кетіп жатқанын бәрі де көрсін. Бәрі де ашық түрде іске асырылады”, - деп сендірді Юрий Тілеумұратов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер