«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов: «Жауапты тұлғалардың мәлімдеме жасағанда абайлағаны дұрыс»

2015 жылғы 26 Мамыр
10001 просмотров

Басқарма Төрағасы өткен аптада ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінде «екі маңызды хабарлама» жасалғанын журналистер есіне салды.

«Біреуі Ерғожин мырзаның Фейсбуктегі жеке парақшасында (Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы мейрамханалардың «қара тізімін» жариялады – авт.еск.) жасалса, екіншісі қолма-қол ақшаны шектеуге қатысты болды. Кеше ҰКП-да осындай, өкінішке орай, ұқыпсыз мәлімдемелерден кейін қаржы министрі, басты банктер өкілдері қатысуымен аймақтық жиналыс өткізуге тура келді. Қаржы министрі айтып кеткендей, аталмыш тақырыпты жариялауда БАҚ-тың да абай болғаны қажет. Мұндай дүниеге халықтың да, бизнестің де шамданып қалатыны бізге белгілі. Сондықтан да жауапты тұлғалардың мәлімдеме жасағанда абайлағаны дұрыс», - деп түсінік берді Абылай Мырзахметов. Оның айтуынша, жиналыста қаржы министрі «шектеуді ешкімнің енгізгелі жатпағанын, бұл жай ғана талдау болғанын, жалған кәсіпкерлік және т.б. бар екенін» түсіндіруге мәжбүр болды.

ҰКП Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жалған кәсіпкерлік оқиғалары үнемі түрлі алаңдарда талқыланып тұрады, бірақ мәселенің түп-тамырына үңілу керек.  «Егер жалған кәсіпкерлік жайлы айтар болсақ, онда ақшаның шамамен 70 пайызы мемлекеттік сатып алу саласынан өтеді. «А» деп ауыз аштық па, соңына жетейік!», - деп мәлімдеді Абылай Мырзахметов.

ҰКП басшысы сонымен қатар халықты дүрліктірудің қажеті жоқ деген ойда, оның үстіне, заңнамада ешқандай да түзету болған жоқ, аталмыш мәселе бойынша қоғамдық тыңдаулар да болмады (қолма-қол ақшаны шектеу бойынша - авт.еск.). «Ал БАҚ бұл жаңалықты іліп әкетті, әрине, әркімнің өз жұмысы бар», - деді Абылай Мырзахметов.

Журналистердің Фейсбукте бюджетке салық төлемей жүрген мейрамханалардың «қара тізімін» жариялаған ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин әрекетіне деген қатынасы жайлы қойған сауалдарына жауап бере отырып, ҰКП басшысы «салық органында жосықсыз салық төлеушілерге ықпал ету тетіктерінің жеткілікті екенін» мәлімдеді.

«Менің ойымша, бұл әдептілікке жатпайды. Егер Ерғожин мырза жекелеген кәсіпкерлер салық төлемейді деп жарияласа, онда салық органының жосықсыз салық төлеушілерге ықпал ету тетіктері жеткілікті. Ал бұл мәселелерді әлеуметтік желілердегі қоғамдық пікір арқылы шешуге тырысу дүрыс емес деп ойлаймын», - деп түсінік берді Абылай Мырзахметов.

«Мен заңды сақтауды жақтаймын, алайда осындай қоғамдық қысым жолымен адамдарды төлеуге мәжбүрлеу онша дұрыс емес сияқты. Бұлай алысқа кетеміз», - деп қорытты «Атамекен» Ұлттық палатасы Басқарма басшысы Абылай Мырзахметов.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер