«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы кәсіпкерлерін алаңдатқан «ақтаңдақтар»

2017 жылғы 24 Қаңтар
- Алматы қаласы
8152 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы соңғы бір жылдың өзінде кәсіпкерлердің жалпы сомасы 5,4 млрд теңге болатын құқықтары мен мүдделерін қорғап, 58 сот ісінде жеңіп шықты

Кәсіпкерлерді тіленшілермен шатастырған

Алмалы ауданының екі полицейі дүкен маңында тегін жарнама парақшаларын таратып жүрген қызметкерлердің іс-әрекетін қоғамдық орындарда мазаны алу деп бағалаған. Соған орай, «Белый ветер» ЖШС жұмысшыларына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. Компания басшысы хаттаманың заңсыз екенін өз бетінше дәлелдей алмай, Кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. Палата заңгерлері Алмалы ауданының прокуратурасына хат жолдады. Прокурорлар жарнама таратушы екі ер адамның компания жұмысшылары екеніне және олардың «Белый ветер» ЖШС-нің белгісі бар арнайы фирмалық киім киіп жүргеніне назар аударды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 449-бабына сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын, бал ашумен, тіленшілікпен және жыныстық сипаттағы қызмет көрсетулермен айналысатын тұлғалар елдің мазасын алса, ол қоғамдық теріс қылық болып саналады. Нәтижесінде Алмалы ауданының прокуратурасы заңсыз хаттаманың күшін жойды.

Маңдайшадағы жазу үшін айыппұл

Алматылық кәсіпкерлерге шағын және орта бизнес нысандарының маңдайшаларындағы жазулар үшін Мемлекеттік кірістер департаментінен қомақты сомадағы шоттар келе бастаған. Мәселен, көлік жуу орталығының иесі Суриям Низамдиноваға жарты миллион теңгеге шот келген. «Көлік жуу» деген маңдайшадағы жазуды Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметкерлері жарнама деп қабылдаған. Бизнестің иесі қарызын өтемейінше, Мемлекеттік кірістер департаменті аталған мүлікті басқаруды шектеу туралы шешім шығарған. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін мұндай арыздар жүздеп саналады. Мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте қаралды. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері «Көлік жуу» деген жазуы бар тақташа қызмет түрін ғана білдіріп тұрғанын дәлелдеп берді. Ал заң бойынша сауда-саттық, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының маңдайшаларындағы жазулар сыртқы (визуалды) жарнамаға жатпайды. Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесі отырысының нәтижесінде Бостандық ауданының прокуратурасы салық берешегін өтеу туралы ескертпені және берешекті мәжбүрлі түрде өндіру шараларын алып тастады. Бұл жағдай осыған ұқсас көптеген жайттарды шешуге түрткі болды.

Әкімдік жалдамалы тұрғын-үй құрылысын салған компания алдындағы қарызын төлемей келген

«Алматықалақұрылыс» АҚ бір жыл бойы Құрылыс басқармасынан атқарған жұмысының ақысын ала алмай келген. Компания 68 пәтерді толықтай бітіріп өткізіп, Түркісіб ауданындағы көп пәтерлі үйге барлық инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізген. 2016 жылдың ақпан айында оған жалдамалы тұрғын-үй кезегінде тұрғандар қоныстанып үлгерді. Бұл құрылыс «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарлама аясында жүргізілген еді. Бірақ, соның өзінде Алматы қаласы Құрылыс басқармасы құрылысты жүргізген компанияға 172 млн теңге көлеміндегі соманы төлеуге асықпаған. «Алматықалақұрылыс» көпсалалы акционерлік компаниясының басшылығы қалалық прокуратураға, ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетіне, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетіне, тіпті Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысына шағымданған. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің қарауына шығарды. Палата заңгерлері жүргізген жұмыстардан соң, әкімдік «Алматықалақұрылыс» КАК» АҚ алдындағы барлық қарызын, яғни 172 782 573 теңгені төледі.

Мектеп асханаларын жалға алушылардың миллиондаған қарыздары 

Мектеп асханаларын жалға алу ақысын бірнеше есе қымбаттатып жібергендіктен, бұл жағдай бүкіл Қазақстан бойынша көп дау-дамай тудырды. Жаңа ережелерді Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылдың 17 наурызы күні енгізген еді. Ал сол жылдың 23 маусымы күні-ақ бұйрыққа түзетулер енгізілді. Мемлекеттік мүлікті жалға алушылардың барлығы үшін төлем мөлшері біршама арзандатылды. Ал мектеп асханаларын жалға алушылардың төлем есебінен түстену залдары алаңдарын алып тастаған. Бірақ үш жарым айдың ішінде кәсіпкерлерде жалға алу бойынша миллиондаған қарыз жиналып қалған, оны өтеуге асхана қожайындарының мүмкіндігі болмаған. Жалға алушыларға Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы көмекке келді. Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте бірнеше мәрте қаралды. Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасына бірнеше рет жүгінгеннен кейін, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап 912 кәсіпкер үшін жалға алу шартының талаптары өзгертілді. Ал жиналып қалған төлемдерді қаржы басқармасы болашақ төлемдер есебіне жатқызды.

Мемлекеттік сатып алулар төңірегіндегі дау-дамайлар

Алматы қаласы қаржылық бақылау басқармасы автомобиль жолдары басқармасы мен  «АЛОНС» құрылыс фирмасына қатысты сотқа талап арыз түсірді. Қаржылық бақылау инспекциясы мемлекеттік мекеме мен ЖШС-ны тендерді өткізу ережелерін бұзды деп айыптап, мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартты жарамсыз деп тануды және оны одан ары қарай орындауға тыйым салуды талап еткен. Мәселенің мәні 1 889 480 312 теңгеде еді. Өз дәйектерін растау үшін, қаржылық бақылау басқармасы автомобиль жолдары басқармасына жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Нәтижесінде, «АЛОНС» фирмасының атқару өндірісі бойынша борышкерлер тізілімінде тұрғанын  көрсетіп, тендерге қатысуға жіберілуі мүмкін емес екенін алға тартқан. Кейін анықталғандай, «АЛОНС» ЖШС-ның жүргізушісіне жол жүру ережесін бұзғаны үшін 9 мың теңге мөлшерінде айыппұл салыныпты. Алайда сот қарауы кезінде қарыз өтеліп қойған еді. Алматы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары серіктестік мүддесін қорғауды қолға алды. Сотта конкурсқа қатысу хаттамасы 2015 жылдың 29 қазанында толтырылғаны дәлелденді. Ал жол жүру ережесіне бола салынған айыппұл үшін, «АЛОНС» фирмасы борышкерлердің бірыңғай тізіліміне 2015 жылдың 10 қарашасы күні енгізілген еді. Соған сәйкес, автомобиль жолдары басқармасының ЖШС-ны электронды конкурсқа жібермеуге негізі болмаған. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қаржылық бақылау басқармасының талап арызының күшін жою туралы қаулы шығарды.

Аудандық әкімдік мамандары заңсыз тексеру кезінде ұсталды

Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері «Достар» көпфункционалды компаниясы» ЖШС тексеруге барған. Алайда бақылаушылардың қолында тексеруді тағайындау туралы акті де, құқықтық статистика органдарында тіркелгендігі туралы құжат та болмаған. Компания қызметкерлерінің тексеруді тағайындау туралы актісінің немесе ұйғарымының көшірмесін беру туралы өтініштерін лауазымды тұлғалар орындамаған. «Достар» көпфункционалды компаниясы» ЖШС басшылығы Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады. Палата сарапшылары серіктестікке Алмалы ауданының прокуратурасына телефон шалып, мобильді топты шақыру туралы кеңес берді. Прокуратура қызметкерлері көп күттіре қойған жоқ, нәтижесінде бақылаушылардың өздерін жауапқа алды. Әкімдік өкілдері ешқандай құжат көрсете алған жоқ. Олар әкімнің кәсіпкерлердің заңсыз орналастырған жарнамалары мен билбордтарының бар-жоқтығын тексеру туралы ауызша нұсқауы негізінде тексеріс жүргізіп жатқандарын айтып ақталған.

Ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен әкімдіктің бір қызметкері жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылып, 40 АЕК, яғни 84 840 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер