«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау» түлегі ауылда «Джампинг» жаттығулар орталығын ашты

2021 жылғы 02 Наурыз
- Павлодар облысы
4985 просмотров

Жаңашылдықты Железин ауданының қыз-келіншектері бағалады. Енді кәсіпкер Анна Сарсенбаева балаларға арналған топты ашпақ

 «Бала кезден спортқа жаным жақын. Мектепте оқып жүргенімде дене шынықтыру бойынша түрлі олимпиада, жарыстарға қатыстым, баскетбол және үстел теннисімен айналыстым. Бір кезде интернет кеңістігінде фитнестің жаңа түрі – «джампинг» туралы ақпаратқа назар аудардым. Бұл спорт түрі жастар арасында танымал. Мен қызыға бастадым, осы кәсіпті зерттедім», – деді Анна Сарсенбаева.

Өзіне жаңа бағыт ашқан ауыл тұрғыны шағын батуттарда секіру, жаттығу жасау жүйесі ағзаға пайдалы әсер ететіндігін, иммундық жүйені, жүрек пен қан тамырлары жұмысын күшейтіп, вестибулярлық аппаратты жаттықтырып, дененің жалпы төзімділігін дамытатынын, буындарға икемділік беріп, түзу жүруді қалыптастыратынын білді.

Сонымен қатар, бұл жүйе ерекше дамыған балаларға жағымды әсер етеді, оларға стресті жеңілдетуге және моториканы дамытуға мүмкіндік береді.

«Мен өз ауылымда неге секіру орталығын ашуға тырыспасқа деп ойлана бастадым. Осы идеяны қолға алмас бұрын, тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, халықтың пікірін білуге ​​бел будым, біздің қыздар осындай тренингтерге барғысы келетіні анықталды. Барлығы дерлік үлкен қызығушылық танытты, тіпті көпшілігі қуанды да», – дейді кәсіпкер.

 Бірақ, кез келген кәсіпті бастау үшін бастапқы капитал керегі анық. Фитнес орталығын ашуға қажетті қаражат болмағандықтан келіншек барлық мүмкіндіктерді қарастыра бастады.

 «БАҚ көздерінен Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы оқу курстарын жүргізіп жатқанын білдім, оқуға қатысып, аяқтаған соң, мен бизнес-жоспарымды комиссия алдында сәтті қорғап шықтым. Грант қаражатына жетпей тұрған соманы қосып, фитнеске арналған батуттарға тапсырыс бердім», – дейді Анна Сарсенбаева.

«Бастау» түлегі бастапқыда көп қорқыныш болғанын айтады, өйткені карантин басталып, осы қызмет түріне тыйым салынды. Осы ретте кәсіпкер иммунитетін нығайтып, формаға келіп, денсаулығын жақсартқысы келетініне назар аударды.

 «Бізге түрлі жастағы қыз-келіншектер келеді, өйткені джампингте жас ерекшелігі бойынша шектеу жоқ. Ары қарай балалар тобын ашу жоспарымда. Джампингті кең таратсам деймін, өйткені адамдар саламатты өмір салтын ұстануы керек.  Соңғы кездері жастар өңірде айналысар іс жоқ деп үлкен қалаларға баруға құлшынады. Мен ауылдағы жастар өз уақытын тиімді, пайдалы әрі қызықты өткізгенін қалаймын. Ол үшін спорт секциялары, мәдени мекемелерді көптеп ашып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек», – деп қорытындылады ойын Анна Сарсенбаева.  

Павлодар облысы ӨКП директоры Олег Крук 2020 жылы Железин ауданының 72 тұрғыны «Бастау» жобасына оқып, 47 тыңдаушы грант иеленгенін айтты.

«2021 жылы эпидахуалға байланысты оқу онлайн форматта өтеді. Алғашқы лек сәуір айында басталады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы: Павлодар қаласы, Луговая көшесі 16. Анықтама ақпарат: 8/7182/ 65-44-14, ішкі: 5511, 5560», – дейді Олег Крук.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер